$507.07 €572.53 ₽6.37
×

100 жасаған әжелер! Ән шырқаған әжелер!

AstanaTV
10.03.2018ж. 20:00
6301
100 жасаған әжелер! Ән шырқаған әжелер!

Бір апалар болады, елжіретіп, жүрегіңді мейірімге толтыратын. Ал жасы 100-ге жетіп, сергек отырғанын білсеңіз, одан сайын ырза бола түсесіз. Әріптесім Данияр Әлімқұл көп жасаған Еңбек ері Мәрзия әжеден нақты нешеде екенін анықтамақшы болған ғой, жиналғандарды ду еткізген жауап беріпті. Ал Қанаш әже «Алдымен алғаныңдарды сыйлаңдар. Балаларыңды тәрбиелеңдер», депті. Келесі эссе дария әжелер туралы. 

Ғасырлық ғұмыр кешу көп адамға бұйыра бермейтін бақ секілді. Ақылдықария – ағындыдарияемеспе? Ал, бұл «Еңбекері» атанып, елгетанылғантараздықМәрзия Ибрагимова. Бүгіндеәжейжүздіңбірінешыққалыжатыр.

 - Жасыңыз нешеде апа? - Қыздың жасын сұрамайды. Сұрадың ғой, сен де. 

Иә, әзілі әдемі әжейдің өмірі де өнегелі. Байзақ ауданында 1938 жылдан қызылша өсірді, кейін майдан үшін маңдай терін төкті. «41 жылғы келіншек» есіңізге түскен болар. Әжейдің әңімесі де әсерлі. Қазыналы қария - қартайған даналық дедім. Өйткені, жүзіне түскен әжімі жүрегіне түсе алмаған.

Мәрзия Ибрагимова, Социалистік Еңбек Ері:

Менің шешем 15 туған екен. Соның бәрінен қалған мен болыппын ғой. Бәрі ашаршылықта өліпті. Аллаға мың қайтара тәубе! Осыншалық жасқа келіп, бейнетті көрдік әбден. Біздің жасаған бейнетімізді қазіргі жастардың біреуі де істемейді. Біздікі қолымен болатын бәрі. 

Иә, ол заманда түйір техника жоқ. Мәрзия апа 1947 жылы қызылшаның әр гектарынан 220 центнер орнына 822 центнерден өнім алған. Онысы талайды таңдандырған тарихи оқиға болды. Сол жылы Мәрзия апамызға осы рекордтық еңбегі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі. 17 жасында тұрмыс құрған. Бүгінде 7 баласынан 20 немере, 25 шөбере сүйіп отыр.

-Бізді қақтыңыз, өсірдіңіз мінекей. Осы мейрамға жетіп отырсыз. Жасыңыз болса жүзден асып бара жатыр. Менің де жасым сіздің артыңыздан кеп қалды 80-ге. Сіздің табаныңыздың астында жақсылықтың бәрі. Аман болыңыз, жасай беріңіз.

100-дегі анасына 80 жастағы баласының тілегі осы. Сондай сүйкімді сәт, көңіл толқытар көрініс осы емес пе? "Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін» деген ән ойға оралады осындайда. Әжеміз екі елуді еңсерсе де ине сабақтайтын икемі әлі бар. Ал, қазақ қыз-келіншектері қандай болу керек? Көпті көргеннен сұрайтын халықпыз ғой. Апамның айтары бар.

Мәрзия Ибрагимова, Социалистік Еңбек Ері:

Тәртіпті болу керек. Бұрынғы уақытта қыз болсын, келін болсын мына шашты көрсетпейтін. Келіндер кимешек киетін, қыздар қызыл орамал тартатын. Ақ тақпайтын, қара тартпайтын. Тәртіп сол. Қыздың кім екенін, келіннің кім екенін қазір білмеймін. Бәрі жалаңбас.

103 жастағы тағы бір ғибратты ғұмыр иесін Шымкент шаһарынан таптық. Қанаш Күзербаева «Алтын алқа» иегері, тыл еңбеккері. 10 құрсақ көтеріп, 30 немере, 52 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Әжейдің әлпетіне жарасқан әжімі тарихтың таңбасындай көпті көргенінен хабардар етіп тұр. Жаныңдағы жарыңды, жақыныңды сыйлау арқылы жарығыңды сөндірмейсің, деді.

Қанаш Күзербаева, көп балалы ана:

Қолымнан келмегені жоқ. Жұмыс істеймін. Ою да оямын. Сызу да сызамын. Ана жақта істелмей жатқан жұмыс болса, балаларыма айтып, оған да жүгіремін. Қыздарға да айтамын: «Алдымен алғандарыңды сыйлаңдар. Балаларыңды тәрбиелеңдер деп. Біз сөйтіп өскен адамбыз. 

Қарағанды қаласының тұрғыны Нұрила Байтасқызы әйелдер мерекесін осымен 100-ші рет қарсы алды. Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы. 19 жасында тұрмысқа шыққан. Ардақты ана 1 ғасырлық ғұмырына қарамастан әлі де тың. Күнделікті ермегі міне осы. Барлық балалары мен немерелеріне қажетті көрпешелерді өз қолымен оюлап, тігіп береді.

Нұрила Байтасқызы, көп балалы ана:

Балаларымның қызығын көріп өлсем арманым жоқ. Немерем, шөберем бәрі бар құдайға шүкір.

Нұрила әженің 6 ұл-қызынан 30-ға тарта немере, 60-қа жуық шөбере, жеті шөпшегі бар.Ал, келіндері қазыналы қарияға қызмет қылудан жалықпайды.

Шолпан Несіпбаева, Нұрила апаның келіні:

Білмегенімді үйретті. Келін деп неткен жоқ. Тамақты қалай істеу керек, қонақты қалай күту керек барлығын үйретті. Көп шаруаны үйретті.

Сазды сәлем жолдаған сырдың сұлулары, әжелер ансамблі. Кілең зейнеткерлер. «Кішіміз 65 те, үлкеніміз 80-деміз» дейді. Қартайдық, қайғы ойладық демей, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүр. Текемет, кілем тоқуды мектеп оқушыларынаүйретеді. Еңбекке баулу сабақтарынөткізеді. Болашағымыз үшін барлығы тегін қылған.

Оразкүл Ахметова, «Жаншуақты» әжелер ансамблінің жетекшісі:

Біз әр уақытта көрме ұйымдастырамыз. Біздің ұмыт болып бара жатқан дүниелерімізді жасап, соны кейінгі ұрпақтарымызға мектептегі жоғары сынып оқушыларына, бесінші, алтыншы сыныптағы оқушыларға үйретеміз.

Облыстағы барлық шараның гүлдері боп жүрген әжейлер жылдын қай мезгілі болмасын гастрольге шыға береді. Қазақ әндері мен қоса орыс, ағылшын, украин тілдерінде шырқайды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Біздің уақытта бір ғасырдың жүгін көтеріп жүрген жандар сирек. Олар қуаныш пен қайғының қос арбасын сүйретіп, мың бір белестен мүдірмей осы күнгі ортамызға жетті. Олардың қарайып отырғанының өзі олжа ғой. Әлемнің жарығын сыйлап, әжімді әлпетімен сондай сүйкімді көрінетін асылдарымыз аман жүрсінші. Ағайын алтау десек, Ана біреу ғана.

Данияр Әлімқұл, Айзада Төребекқызы, Айжан Қуаш, Шарипа Сақтапова, Эльдар Байділда «Біздің уақыт».