Балалар үйінде жағдай жаман болмаған күннің өзінде түрлі себеппен «далада» қалған балалардың үйде, қамқоршылықта өскені дұрыс екені анық. Ата-ана, туғанынан зорлық көрген/көріп жүрген балалар туралы әңгіме бөлек... Қызылжарда соңғы 5 жылда ата-ана қамқорлығынан ада балалардың саны екі есеге азайғаны туралы тілшіміз хабарлағанда, материал жасауды тапсырдық. Абзал Құрманкиннің репортажы.
Августа Дубровская тағдыр тәлкегіне түсіп, жастайынан бейнет кешкен жетім қыз. Бойжеткеннің анасы бірнеше жыл бұрын ауыр дерттен бақилық болған. Ал теріс жолға түскен өгей әкесі қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Августа балалар ауылында 12 жастағы інісімен бірге тұрады. Ең жақсысы, өз-өзін кемсітіп жатқан жоқ. Спортпен шұғылданып, болашаққа зор сеніммен қарап отыр.
Августа Дубровская, балалар ауылының тәрбиеленушісі:
Футболмен айналысамын. Ал інім өлең айтады. Мұнда бізге дарынымызды дамытуға мүмкіндік бар. Он бірінші сыныпты бітірген соң, жоғары білім алғым келеді. Мен үшін ең бастысы – өз жолымды тауып, бақытты ғұмыр кешу.
Абзал Құрманкин, тілші:
2001 жылы ашылған отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 6 отбасы бар. Әрқайсысында 9 баладан. Әрбір жанұяға жеке баспана берілген. Мекеменің негізгі мақсаты – балаларды қоғамға жақындату. Егер де балалар үйінде тәрбиелунішілердің ас дайындау, кір жуу, нысанды жинау қамына басы ауырмаса, мұнда түгел үйдің шаруашылығы балақайлардың мойнында. Нәтижесінде кәмелет жасқа толып, мекемеден қанат қаққан баланың өмірге икемі болады.
Балалар ауылы 54 адамға шақталған. Алайда бүгінде олардың саны 40-тан әзер асып тұр. Елімізде соңғы жылдары балаларды асырап алу, иә болмаса оларды қабылдау отбасыларына беру үрдісі жақсы дамып келеді.
Арыстан Әкімжанов, «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мемлекеттік мекемесінің директоры:
Қамқорлыққа алынған балалардың саны молайды. 2014 жылы 9 бала, 2015 жылы 6 бала, 16-жылы 17 бала, 2017 жылы 22 бала сондай семьяға кетті.
Жетімдердің қатары балалар үйінде де кеміп келеді. Егер 2016 жылы теріскейдегі балалар үйінде 360 бала тәрбиеленсе, қазір олардың саны 270ке дейін азайған.
Ғалия Ілиясова, СҚО білім беру басқармасының бөлім басшысы:
2016 жылы 91 бала, ал 2017 жылы 97 бала қамқорлыққа берілді немесе оларды асырап алды. Сөйтіп, бүгінде облысымыздағы балалар үйінде 270 тәрбиеленуші қалды. Қазір өңірде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін 5 мекеме бар. Оның біреуі жабылады.
Петропавлдағы балалар үйінде соңғы 5 жылдың ішінде бала саны екі есе азайған. Бүгінде мұнда 70 балаға бақандай 100 адам қызмет етеді. Ал жылдың аяғына қарай 50-дей бала қалайын деп тұр. Сондықтан мекемені жабу керек деген шешім қабылданған.
Ризабек Какпенов, Петропавл балалар үйінің меңгерушісі:
Жылдың аяғында қалатын 50 тәрбиеленушінің бір бөлігі балалар үйіне, қалғандары балалар ауылына ауыстырылады. Ал осында қызмет етіп жатқан 100 маман біліктілігін жетілдіріп, өзге мекемелерге орналастырылмақ.
Былтыр елімізде қабылдау отбасылары деген жаңа санат пайда болды. Бір шаңырақ 10 балаға дейін асырап алуға құқылы. Мемлекет әрбір балаға ай сайын 24 мың теңгеден төлеп отырады. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында осындай 9 отбасы құрылған. Мәселен, 4 сәбидің анасы Тамила Андреева жолдасымен бірге 4 баланы қамқорлығына алған. Отанасының айтуынша, өз балалары мен қанатының астына алған балалар көпке дейін тіл табыса алмаған.
Тамила Андреева, отанасы:
Балалардың бейімделуі 11 айға созылды. Ұлдарым бір-бірімен төбелесіп қалған кездер болды. Ал өзім үлкен қызыммен ұрсып қала беретінмін. Бірақ бізде ешқашанда оларды қайтарып жіберу ойы болған жоқ. Аналық махаббаттың арқасында мен бүкіл проблемаларды жеңе білдім.
Андреевтер отбасы жайлы мекен іздеп, жуырда Новоникольск ауылына қоныс аударды. Келген бетте балалардың көбі бірден спортқа ден қойды. Никита баскетболға барса, 9 жасар Саша хоккеймен шұғылданады. Ал ер мінезді Александра гір көтереді.
Александра Назарова:
Бұрын мектептен шықпайтынбыз. Қазір әкем мен анам бар. Үлкен отбасында тұрған жақсы ғой әрине. Кейде бауырларыма ұрысып аламын. Бірақ көбінде тыңдайды. Алдағы уақытта бәрі жақсы болатынына сенемін.
Ресми дерек бойынша, балалар үйіндегі, не балалар ауылындағы әрбір үшінші балақай жаңа отбасына барғысы келмейді. Себебі "ұясынан бір рет" түсіп қалған балапан, екінші рет мүлдем "жаншылап" қаламын ба, деп қорқады. Иә, әрбір баланың бақытты болуына ықпалдасу мемлекеттің міндеті. Дегенмен қоғам алдында да жауапкершілік бар. Дәлірегі - жетімді жәутеңдетпеу керек иман парызы.
А.Құрманкин «Біздің Уақыт».