Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы туралы. Бүгін бір-екі деталь. «7-20-25» бағдарламасы. Экономист-сарапшы Меруерт Махмұтованың пайымынша, бұл «ипотекалық» бастаманың бір мақсаты - салынып қойып, сатылмай тұрған үйлерді өткізу. Сондықтан тұрғын үй құрылысында дүмпу болады деп ойламайды. Оның сөзін құрылыс компаниялары растайды. Мысалы, шымкенттік сондай компанияның қаржы директоры Тимур Беймұратов біздің тілшілерімізге 2 жыл бұрын 69 пәтерлі үй салғандарын, содан бері жартысы ғана сатылғанын айтты. 48 пәтерлік тағы бір үйді бітіріп қалған, одан үй алуға 10-ақ адам ниеттеніп отыр. Беймұратов алғашқы жарна 20 процентке азайып, ипотекалық ставка төмендесе үй алуға қадам жасайтындар көбейер еді, деп есептейді. Алайда сыйақы мөлшерлемесін 7 процентке түсіруге байланысты мәселен, Меруерт Махмұтова «ақылға сыйымды» десе, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек банктердің оған көнбейтінін ашық айтып отыр.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Я думаю, это нереально. Потому что 7% - это практически в 2 раза ниже, чем есть на рынке. Если сравнивать с тем, что сегодня есть в среднем, даже по «Жилстройсбербанку», первоначальный взнос от 30-50% - это, конечно, для потребителя этого продукта, ипотеки - это большое послабление.
Бұл комментарийден көп нәрсені ұғасың. Қарапайымдар үшін қарапайым сауал - сан рет мемлекеттің миллиардтаған ақшасын алған банктер мемлекеттің азаматтарына көмектеседі ғой?- дегенге министр кесімді жауап берген жоқ...
Дегенмен бастамалардың орындалуын қадағалау тапсырылған «Нұр Отан» партиясы «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізді. Өзге партиялар да құлшынып отыр. Айгүл Әдепбай жалғастырады.
Үлкен жиындар мен жоғары мінберлерден талқыланып жатқан тақырып - Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы. «Нұр Отан» партиясы Қазақстан демократиялық күштерінің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізіп, бастамалардың орындалу тетіктерін іздеуге кірісті.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Парламент палаталарының отырысында Елбасы "Нұр Отан" партиясына осы үлкен бағдарламаның жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты біз өзіміздің жұмыстарымызды бастап кеттік. Жалпы, осы жұмыста өзіміздің дәстүрлі тәсілдерімізбен жаңа технологиялық тетіктерді пайдаланатын боламыз.
Президент бағдарламасының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін өзге партиялар да тер төгуге дайын. Олар Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясына мүше 5 саяси партия мен 24 ірі қоғамдық бірлестік. «Нұр Отан» партиясы бұл іске өзге де қоғамдық саяси күштер мен мемлекеттік емес ұйымдарды тартпақ.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ДКЖК мүшесі:
Бастамалардың басты мақсаты - қарапайым халықтың, қарапайым біздің азаматтардың өмірін жақсарту. Соған біздің көзіміз жетіп отыр. Сол себепті Парламент депутаттары да, біздің фракциямыздың мүшелері де осы бастамаларды екі қолмен қолдап отыр.
Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, ДКЖК мүшесі:
Елбасының кешегі жариялаған әлеуметтік бастамаларының барлығы - ол біздің Қазақстан халқының барлық категорияларын қамтитын өте үлкен бастама деп айтуға болады. Соның ішінде бұл әлеуметтік бастамалар тікелей ауылға қатысы бар бастамалар десек қателеспегендік болады.
«Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Елбасы бастамаларының дер кезінде қолға алынғанын айтты. Мультипликативті әсері зор. Жарқын болашаққа салынған инвестиция, деді. Сондай-ақ, әр бастама нақты әрі тиімділігімен ерекше деп атап өтті, Мәулен Әшімбаев. Онымен ардагерлер ұйымының жетекшісі мен зиялы қауым өкілі келіседі.
Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстан ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары:
Әсіресе жастар жағы пәтер жалдап, түрлі жағдайларда жүрген кезде, баспана мәселесінің осылай шешілуі, бағыт ұстауы, Үкіметке тапсырма берілуі – халықтың көкейінен шыққан мәселе болды.
Несіпбек Айтұлы, ақын:
Біздің тәуелсіздік алған жылдардың ішіндегі өте бір керемет, Елбасының көрегендікпен елді қуандырып, халықты осындай бір қанаттандырған үлкен бастама болды деп ойлаймын.
Коалиция мүшелері еліміздің әрбір азаматын Президенттің әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылдады және солай боларына сенімді. Өйткені бұл бастамалар қарапайым адамдардың рухын көтереді, өмір сапасын жақсартуға ықпалдасады. Бәрі адамның игілігі үшін мемлекет деген сол.
Айгүл Әдепбай, Алмас Жұлыбаев «Біздің уақыт».