«Нұр Отан» партиясы президенттің 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуына жаңа технологиялық тетіктерді пайдалана отырып ұйтқы болмақ. Қазақстан демократиялық күштерінің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осылай деді. Жалпы еліміздегі жетекші саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік емес бірлестіктер Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларына қолдау білдіріп, орындалуына ат салысуға дайын отырғанын танытты.
Үлкен жиындар мен жоғары мінберлерден талқыланып жатқан тақырып – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы». «Нұр Отан» партиясы бастамалардың орындалу тетіктерін іздеуге кірісті.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Парламент палаталарының отырысында Елбасы "Нұр Отан" партиясына осы үлкен бағдарламаның жүзеге асырылуына қоғамдық бықылауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты біз өзіміздің жұмыстарымызды бастап кеттік. Жалпы осы жұмыста өзіміздің дәстүрлі тәсілдерімізбен жаңа технологиялық тетіктерді пайдаланатын боламыз.
Президент бағдарламасының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін өзге партиялар да тер төгуге дайын. Олар Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясына мүше 5 саяси партия мен 24 ірі қоғамдық бірлестік. «Нұр Отан» партиясы бұл іске өзге де қоғамдық саяси күштер мен мемлекеттік емес ұйымдарды тарта түспек.
Азат Перуашев, «Ақ жол»
демократиялық партиясының төрағасы, ДКЖК мүшесі:
Бастамалардың басты мақсаты - қарапайым
халықтың, қарапайым біздің азаматтардың өмірін жақсарту. Соған біздің көзіміз жетіп отыр. Сол себепті Парламент депутаттары да, біздің фракциямыздың мүшелері де осы бастамаларды екі қолмен қолдап отыр.
Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, ДКЖК мүшесі:
Елбасының кешегі жариялаған әлеуметтік бастамаларының барлығы - ол біздің Қазақстан халқының барлық категорияларын қамтитын өте үлкен бастама деп айтуға болады. Соның ішінде бұл әлеуметтік бастамалар тікелей қатысы бар бастамалар десек қателеспегендік болады. Ендігі мәселе - сол бастамаларды жүзеге асыру.
Жиын барысында Мәулен Әшімбаев Елбасы бастамаларының негізгі ерекшеліктеріне де назар аударып, олардың дер кезінде қолға алынғанын айтты. Мультипликативті әсері зор деп, жарқын болашаққа салынған инвестиция екінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, әр бастама нақты әрі тиімділігімен ерекше, деп атап өтті партия төрағасының бірінші орынбасары. Коалиция отырысының соңында барша азаматты президенттің әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылданды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ