$456.88 €534.64 ₽5.47
×

Оралда Қыз Жібек пен Төлеген және динозаврлар дауыс берді

23.08.2026ж. 21:00
Оралда Қыз Жібек пен Төлеген және динозаврлар дауыс берді

Ал Оралда Қыз Жібек пен Төлеген дауыс берді. Олардың азаматтық таңдауына динозаврлар дән риза болып, роботтар қошемет көрсетті. Саяси белсенділігін осылай паш еткен оралдықтар биылғы саяси науқанының шырайын келтірді.

Жасанып киінген Қыз Жібек пен Төлеген жұрт назарын бірден аударды. Өмірде қосылмаған ғашықтар бүгін сайлау учаскесінде "қауышты". Кинодағыдай арманда кетпей, өз таңдауын бір кабинада жасап, бірге дауыс берді. Айта кетейік, аңызға айналған кейіпкерлерді сомдағандар өнерімен сахнада табысып, өмірі бір арнаға тоғысқан ерлі-зайыпты екен.

НҰРЖИЯН ХАСАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз сайлауларда, еліміз үшін маңызды шараларда бой көрсетуге белсенділік танытуға біз міндетті түрде тырысамыз. Қыз Жібек бұл Жайықтың қызы болғасын, өзіміздің Жайықтың тұлғаларын алып келуді шештік. Қыз Жібекті ойнау кез келген актрисаның арманы деп білемін. Менің де.

Сайлау учаскесіне жетуге асыққан бұл роботты оралдық студенттер құрастырған. Сайлаушылардың бәрін ілтипатпен қарсы алған робот оларға азаматтық белсенділігі үшін алғысын айтты. Қазақшаға судай трансформерге тәнті болған тұрғындар естелік үшін суретке түсті.

БЕКНҰР ҒАБДЫҒАЛИЕВ, №459 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Студенттер мен оқушылардың құрастырған роботтары "Бамблби" деп аталады. Ол құрастырмалы, роботтың өзінің формасын да өзгерте алады балалардың қызығушылығына байланысты. Оны құрастыруға бізде екі-үш айдың төңірегінде уақыт кетті. Ол сөйлей алады, түрлі қызметтерді атқара алады. Биылғы жылы жасанды интеллекті жылы деп соған байланысты құрастырып шығарған биылғы жұмысымыз бұл.

Бүгін дауыс беруге динозаврлар да келді. Есте жоқ ескі заманның иелері бүгінгі сайлау ел үшін маңызды дейді.

Ауылдағы ағайын да қалалықтардан қалыспады. Тоқсаныншы жылдардың стилінде киінген олар кинодағыдай көне көлікке мініп, сайлау учаскесіне келді. Айналасын думанға бөлеген ауылдастар саяси науқанның көрігін қыздырды. Сайлау комиссиясының өкілдері тұрғындардың белсенділігін құптағанымен, заң талаптарын сақтауды ескертті.

ӘДІЛ ЖОЛАМАНОВ, БҚО АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сайлау учаскелеріне әртүрлі кейіпкерлер болып киініп келу үрдіс алуда. Бұл еліміздің басқа өңірлерінде де, біздің облыста да бар. Сайлаушылардың біз тоқтата алмаймыз. Бірақ келіп, жеке куәлігін алып, бюллетень алғаннан кейін келіп дауыс берерде біз олардың маскаларын шешіп, өзінің бет-бейнесін көрсетуді қамтамасыз етуін сұраймыз. Өзінің нақты бейнесі мен куәліктегі бейнесін нақтылау үшін қажет мұның барлығы.

Облыстағы 488 сайлау учаскесінде 450 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.  Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де барлық жағдай жасалған.