Жаңа оқу жылы басталар алдында мектептер маңында полиция тарапынан бақылау күшейтіледі.
Елімізде «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы басталды. Акцияның басты мақсаты – балаларды жолдағы қауіптен қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру.
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге балалардың жолға күтпеген жерден шығып қалуы мүмкін екенін әрдайым ескерудің маңызы зор екенін ескертеді.
Қазіргі уақытта мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен жол таңбаларының жай-күйі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар мектеп автобустары мен балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігі де бақылауға алынған. Тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының жол инфрақұрылымына қатысты 548 нұсқама берілді. ІІМ ата-аналарды балаларға қауіпсіздік ережелерін күн сайын еске салып отыруға шақырады. Балаларға мектепте, көшеде, қоғамдық көлікте және интернетте қауіпсіздік талаптарын сақтауды үйретудің маңызы зор.