Елде небары 18 миллион теңгеге құрылыс компания ашып, қажет болса мемлекеттік лицензия да беріліп келген. Салдарынан қазір саны бар, сапасы жоқ құрылыс компанияларының саны көп. Сондықтан оларға берілетін лицензияларды қатаң қадағалау қажет. Осы жұмысты қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай тізім жасақталуы тиіс. Бұл туралы бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен кәсіпкерлер құқығын қорғау туралы кеңесте басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов мәлімдеді. Оның сөзінше, бүгінде мемлекет шамамен 29 мың құрылыс компаниясына лицензия берген. Алайда бәсекеге қабілетті бола алатын құрылыс компаниялар саны шамамен 300-ге жуық. 2017 жылы құрылыс саласында бюджет қаражатының шамамен 8 миллионнан астам теңгесі тиімсіз жұмсалған. Сондықтан мамандар бұл мәселені түбегейлі шешу қажет деп отыр.
Елдос Рамазанов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:
Бұл жерде құрылыс компания қай жерде, қандай құрылыс салды деген күмән туады. Артынша құрылыс салуға рұқсат лицензияны оңды-солды берген мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бірінші орында күдікке ілігеді. Сондықтан біз бірыңғай республикалық тізім жасауды ұсынамыз. Онда компаниялардың материалдық базасы, аттестациядан өткен мамандары жайлы ақпарат болады. Тізім құрылыс компанияның лицензиясы заңды, жұмысқа жауаппен қарай алатынына да дәлел бола алады.