$458.87 €535.09 ₽5.42
×

«iPhone ұтып алдыңыз»: алаяқ бұрынғы компанияның клиенттерін алдаған

«iPhone ұтып алдыңыз»: алаяқ бұрынғы компанияның клиенттерін алдаған
Фото: pexels

Ақмола облысында азаматтарға жалған ұтыс ұйымдастырып, iPhone смартфонын алу үшін ақша талап еткен күдікті анықталды. Киберполиция қазір оның әрекетіне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта алаяқтың әрекетінен зардап шеккен екі адам анықталған. Олар — Бурабай ауданы мен Алматы облысының тұрғындары. Алайда полицейлер алданғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Тергеу барысында күдіктінің Жетісу облысының 33 жастағы тұрғыны екені анықталған. Ол бұған дейін тауар сату және жеткізумен айналысатын компанияда жұмыс істеген. Жұмыстан кеткеннен кейін ер адам компанияның клиенттік базасын заңсыз иемденіп, бұрын осы кәсіпорыннан тауар сатып алған азаматтарға хабарласқан.

Күдікті оларға ұтыс ойынында жеңімпаз атанғанын айтып, iPhone смартфонын «ұтып алғанын» жеткізген. Алайда жүлдені алу үшін оны жеткізу ақысы ретінде 55 мың теңге төлеу керекдеген.

Бұған дейін аталған компанияның қызметін пайдаланған азаматтар қоңырауға күмән келтірмеген. Нәтижесінде оның сөзіне сеніп, көрсетілген деректемелерге ақша аударған.

Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Киберполицейлер азаматтарға күтпеген жерден келген «ұтыстарға» сақтықпен қарауға кеңес береді. Әсіресе жүлдені алу үшін алдын ала ақша аударуды талап етсе, мұндай ұсынысқа сенбеген жөн.