$464.77 €541.36 ₽5.41
×

Ақтауда қайық жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты

Ақтауда қайық жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
фото скрин

Каспий теңізінің акваториясында қайғылы оқиға болды. Бортында жеті адам болған катер жартасқа соғылып, салдарынан екі адам қаза тапты. Ведомствоның мәліметінше, оқиға туралы хабарлама сағат 22:56-да түскен. Катер 5А шағынауданы маңында жартасқа соғылған.

Құтқару операциясы барысында бес адам жағаға шығарылып, медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Ал катерде болған тағы екі адам алдын ала мәлімет бойынша, құтқару кеудешесін кимеген.

«Іздеу-құтқару жұмыстары кезінде құтқарушылар жағадан шамамен 500 метр қашықтықтан екі адамның денесін тауып, судан алып шықты», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

Құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері, төрт техника және төрт жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар оқиға орнында полицияның 10 қызметкері мен төрт техникасы, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеді. Ведомство оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын атап өтті.