$462.31 €536.09 ₽5.34
×

Қытай-Непал шекарасында су тасқынынан қаза тапқандардың саны 1000 асты

Қытай-Непал шекарасында су тасқынынан қаза тапқандардың саны 1000 асты

Қытай-Непал шекарасында су тасқынынан қаза тапқандардың саны 1000 асты. 11 000 адам қауіпсіз жерге көшірілді. АҚШ пен Иран қайтадан бір-біріне соққы жаудыра бастады. Ал, Таяу Шығысқа америкалық ұшақ тасымалдағыш кеме жөнелтілді. Израиль азаматтары Палестина жерінде жергілікті тұрғындарды соққыға жы,ып жатыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Қытай-Непал шекарасында су тасқынына қаза тапқандардың саны 1000 асты. Қайта су тасу қаупінен сескенген билік таулы аймақтарда 11000 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Сонымен қатар, бірнеше елді мекенде оқушылар 1 қыркүйекте мектепке барған жоқ. Іс-түссіз жоғалғандардың саны да артып барады. Қазір бұл көрсеткіш 4000 адам шамасында.

РАДЖЕНДРА ДАВАДИ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Біз үшін оқушыларға білім бермеу – үлкен қасірет. Десе де, олардың қауіпсіздігі әлдеқайда маңызды. Сондықтан, осындай шешім қабылдадық. Оның үстіне, біздің аймақта әр мектепте қаза болған оқушылар жетерлік. Бар назарымызды жерлеу рәсіміне көмектесу, ата-аналарға психологиялық көмек беруге бөліп отырмыз.

Қытай шекаралас елге барынша қолдау көрсетуге әзір. Осымен екі топ құтқарушы Тибет шекарасын асып, Непалға аттанды. Сонымен қатар, қаржылай көмек пен гуманитарлық тауар жеткізу де қолға алынды. Айта кетейік, тау қыраттарында су тасқынынан жасанды көлдер пайда болған.

ЛИНЬ ЦЗЯНЬ, ҚЫТАЙ СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бірінші кезекте, непалдық құтқарушылардың жұмысын жеңілдету үшін жер серіктердің нақ осы уақыттағы суреттермен бөлістік. Құтқарушыларымыз шекаралық аймақтарда әріптестеріне көмек көрсетіп жатыр. Еліміздің Сыртқы Істер Министрі Ван И Непал сыртқы саяси ведомство басшысымен сөйлесіп, барлық қажетті көмек көрсетуге әзір екендігін жеткізді. Гуманитарлық көмек, әуе кемелерімен тікелей Катмандуға жеткізіле бастайды.

Нью-Йоркте Манхэттеннің қақ ортасында орта жастағы әйел екі жігітті пышақтады. Нәтижесінде, біреуі қайтыс болып, екіншісі ауыр халде жатыр. Оқиға орнына жылдам жеткен полицейлер әйелді құрықтау үшін қару қолдануға мәжбүр болды. Нәтижесінде, қаскөй де ауруханаға жеткізілді. Шаһар басшысы Зоран Момдани қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін жеткізді.

ДЖЕССИКА ТИЧ, НЬЮ-ЙОРК ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қаскөй 49 жастағы Квинс ауданының тұрғыны Камила Сиснерос. Оның психикалық ауытқулары бар екендігі ресми тіркелген. Осыған дейін екі рет полицияға қарсылық көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жан-жақты тергеу басталып кетті. Бірақ, бұған лаңкестік әрекет деп баға бере алмаймыз.

АҚШ пен Иран қарулы қақтығысты тағы бастады. Иран алғашында Бахрейн және өзге елдердегі АҚШ әскери базаларына баллистикалық зымырандармен соққы жасаған. Жауап ретінде АҚШ штаб бастықтарының орталық комитеті хабарлағандай Иранның Революция Сақшылары Корпусына тиесілі зымыран жіберетін қондырғыларды бомбылаған. Ал, АҚШ Қаржы министрі Скотт Бесенттің айтуынша, өткен аптада енгізілген санкциялар Иран экономикасына ауыр соққы болып тиді.

СКОТТ БЕССЕНТ, АҚШ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Иранның валютасы ауыр инфляцияға ұшырады. Бізде бар мәлімет бойынша 350 процентке жуықтады. Ал, барлаушыларға сенсек, енді әскерилер де жалақы алмай отыр. Мұнай қазбалары бойынша әлемде үшінші орында тұрған мемлекетте жанармай бекеттерінде бұрын-соңды болмаған кезек орнады. Бұл біздің соңғы қолға алған шараларымыздың жемісі.

Израильдік азаматтар Иордан өзенінің Батыс жағалауынан кететін емес. Жергілікті палестиналық тұрғындардың үйіне баса-көктеп кіріп, соққыға жығуда. Бір күн ішінде, 13 оқиға тіркелген. Ал, Израиль билігі болса, бұл оқиғаларға өздерінің қатысы жоқ екенін айтуда. Дегенмен, Израиль қарулы күштері кейбір жерлерде басқыншыларға көмектескен сәттері камераларға түсіп қалды.

ЛУАЙ БАЙРУТИ, ТҰРҒЫН:

Біз бірден Израильдік сарбаздарға жүгініп араша сұрадық. Алайда, олар жай ғана қызықтап қарап тұрды. Кейбірі телефонға түсіріп, күліп те жатты. Өткен аптада көрші елді мекенде қарсыласқандарды сарбаздар келіп тепкілеген. Мысалы, қарапайым израильдік азаматтарда көз жасауарататын газ қайдан пайда болды? Сарбаздар бергені айдан анық.

Норвегия Королі Хароль бесінші дүниеден өтті. 89 жасында дүние салған монарх 35 жыл ел биледі. Патшаны жерлеу рәсіміне елдің түкпір-түкпірінен онмыңдаған адам жиналды. Ал, 53 жастағы тақ мұрагері Ханзада Хокон жаңа патша болып аталды.