$462.31 €536.09 ₽5.34
×

Алматыда 8 жайлы мектеп ашылды

AstanaTV
01.09.2026ж. 19:00
Алматыда 8 жайлы мектеп ашылды

Білім күнінде Алматы қаласында 8 жайлы мектеп ашылды. Шаһарда 356 мың оқушы бар. Оның 31 мыңға жуығы биыл алғаш рет білім ордасының табылдырығын аттады.

Оқушылар үшін жаңа оқу жылы жаңа мектептен басталды. Түрксіб ауданында биыл төрт жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Соның бірі – 600 оқушыға арналған №226 жалпы білім беретін мектеп. Жаңа білім ордасында оқушылардың сапалы білім алуына қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Кең әрі жарық сыныптардан бөлек, заманауи зертханалар мен жаңа технологиялармен жабдықталған кабинеттер бар. Бұл – шәкірттердің білім алып қана қоймай, алған білімін тәжірибе жүзінде сынауына мүмкіндік береді.

ГҮЛНАРА СӘРСЕМБАЕВА, №226 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Балаларға өте ыңғайлы, кең сынып бөлмелері. Одан бөлек заманауи технологиялармен жабдықталған түрлі зертханалар бар. Балалардың толыққанды білім алуына үлкен жағдай жасалған жақсы жайлы мектеп.

Мектепте сабақтар қазақ тілінде, бір ауысымда өтеді. Бұл оқушыларға уақытын тиімді жоспарлап, түстен кейін түрлі үйірмелер мен қосымша сабақтарға қатысуына мүмкіндік береді. Яғни, білім ордасында баланың сабақтан тыс уақытын да тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Мұндай мүмкіндік ата-ана үшін де маңызды. Себебі бала бір мектептің өзінде білім алып, бос уақытын пайдалы іске арнай алады.

АЛМАС ТҰЯҚБАЙ, АТА-АНА:

Жалпы біз бұл мектепті өте көп күттік. Балаларға ыңғайлы. Әрбір бала елімізде, тәуелсіз қазақстанда лайықты дәрежеде білім алуы керек деп мемлекет басшысы айтып жатыр ғой. Сондай жайлы мектептің бірі оқушыларға керемет жағдай тудыратын мектеп болады деп сенеміз.

Жаңа білім ошақтары қаладағы мектептердегі орын тапшылығын азайтып, оқушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермек. Өйткені мектеп – тек білім беретін орын емес, баланың болашаққа бағыт-бағдары айқындалатын маңызды орта.

ОЛЬГА СПИРИНА, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Адам негізі тұлға ретінде мектепте қалыптаса бастайды. Адамның болашақта қандай мамандық иесі болатыны да мектепте анықталады. Сондықтан егер мектепте осындай жағдай жасалса, әркім өз орнында болып, әркім өзінің жұмысын жасап, еліміз қөатты дамиды деп ойлаймын.

Бүгінгі оқушыға жасалған мүмкіндік ертеңгі нәтижеге бастар жол. Ал бұл білім ордасында алғашқы қадамдарын жасаған шәкірттер үшін жаңа оқу жылы талай жетістіктің бастауы болмақ.