$458.45 €531.39 ₽5.29
×

Қарағандыдағы ауруханада өрт шығып, 20 науқас эвакуацияланды

02.09.2026ж. 06:32
Қарағандыдағы ауруханада өрт шығып, 20 науқас эвакуацияланды
Фото: видеодан скрин

Қарағандыда көпбейінді аурухана аумағында өрт шықты. 

Қарағандының Қазыбек би атындағы ауданындағы Мұқанов көшесінде орналасқан көпбейінді аурухана аумағында жиналған макулатура өртенген. Жалын негізгі бес қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған бір қабатты кіреберіс бөліктің ағаш шатыр конструкциясына тараған.

Қауіпсіздік мақсатында ТЖМ құтқарушылары аурухана әкімшілігімен бірлесіп, 20 науқасты көршілес блокқа эвакуациялады.

— Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына ТЖМ бөлімшелерінің күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Медициналық мекеме әкімшілігімен бірлесіп, науқастарды эвакуациялау жүргізілді. Өрт жедел оқшауланып, толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, — деп хабарлады Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті.

Өрт 25 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрт сөндірушілердің жедел әрекет етуінің арқасында жалынның аурухананың негізгі және жапсарлас ғимараттарына таралуына жол берілмеді.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.