$458.45 €531.39 ₽5.29
×

Енді дәрігерге 60 күн бұрын жазылуға болады

02.09.2026ж. 18:32
Енді дәрігерге 60 күн бұрын жазылуға болады
фото: pixabay

Елімізде дәрігерге алдын ала жазылу мерзімі 60 күнге ұзартылды. Бұған дейін қабылдау кестелері негізінен екі аптаға ашылатын.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше,  елімізде жалпы практика дәрігерлеріне алдын ала жазылатын пациенттердің үлесі 20%-дан 72,5%-ға, ал бейінді мамандарға жазылу 4%-дан 66,1%-ға дейін өскен.

Соған сәйкес учаскелік дәрігерлердің пациент қабылдауға арналған жұмыс уақыты күніне төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұзартылған. Нәтижесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында дәрігер қабылдауын күту мерзімі орта есеппен 5-7 күннен 1-3 күнге дейін қысқарған.

«Денсаулығы кенеттен нашарлаған, бірақ өміріне тікелей қауіп төнбеген пациенттерге арналған 680 шұғыл медициналық көмек кабинеті ашылды. Оларға дене қызуы көтерілген, қан қысымы жоғарылаған, созылмалы ауруы асқынған, қатты ауырсыну, құсу, диарея немесе жеңіл жарақат алған жағдайда жүгінуге болады. Белгіленген көрсетілімдер бойынша шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 995 мобильді бригада құрылды», делінген хабарламада.

Сондай-ақ емханаларда мейіргерлердің өз бетінше қабылдауын дамыту жұмыстары да жүргізіліп келеді. Олар өз өкілеттіктері шегінде жекелеген медициналық рәсімдерді орындап, құжаттарды ресімдейді және созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылауға қатысады. Министрліктің мәліметінше, бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтып, күрделі диагностика мен емдеуді қажет ететін пациенттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.