$458.45 €531.39 ₽5.29
×

Ақтөбеде апалы-інілі бауырлар жоқ пәтерлерді жалға беріп, ақша алған

AstanaTV
02.09.2026ж. 19:00
Ақтөбеде апалы-інілі бауырлар жоқ пәтерлерді жалға беріп, ақша алған

Апалы-інілі бауырлар жоқ пәтерлерді жалға беріп, ақша алған. Бауырлар интернетке Алматыдағы пәтердің суретін жариялап, демалуға барғысы келген ақтөбеліктерді арзан бағамен қызықтырған. Өзін пәтер иесі ретінде таныстырған күдіктілер жалған клиенттерден алдын ала төлем талап етіпті. Тұрғындар олардың шотына 10 000 нан 55 000 теңгеге дейін ақша аударған. Қаражат түскен соң алаяқтар байланысқа шықпай қойған. Қазіргі уақытта төрт жәбірленуші анықталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілердің Ақтөбе қаласынан екені анықталды. Алаяқтық жасады деп күдікке ілінген 33 жастағы әйел мен 24 жастағы ер адамның туған әпкелі-інілі екені белгілі болды. Полиция бөліміне жеткізілген күдіктілер өз кінәларын мойындады. Алаяқтық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

РУСЛАН ИСМУРЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ТЕРГЕУШІСІ:

Күдіктілер танымал интернет платформада Алматы қаласында пәтер жалдап беру туралы хабарлама орналастырған. Пәтердің фото-суреттерін жүктеп, тартымды баға ұсынған. Жазғы демалыс кезінде Алматыға бармақ бірнеше ақтөбелік осы жалған хабарламаның құрбаны болған. Қоңырау шалғандарға Күдіктілер өздерін пәтер иелері ретінде таныстырған. Алдын-ала төлемді талап етіп, түрлі сомада ақша аудартқан. Ақшаны алғаннан кейін байланысты тоқтатқан.