$455.4 €526.99 ₽5.25
×

Павлодарда 60 келіге жуық марихуана тәркіленді

Павлодарда 60 келіге жуық марихуана тәркіленді
Polisia.kz

Павлодар облысында есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу фактісінің жолы кесілді. Операция полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жүзеге асырылды.

Жедел іс-шаралар кезінде Павлодар қаласында есірткі заттарын өткізуге күдікті екі жергілікті тұрғын ұсталды. Тінту барысында күдіктілерден жалпы салмағы шамамен 60 келі болатын кептірілген марихуана, ақша қаражаты, ұялы телефондар, банк карталары және түрлі құрал-жабдықтар табылып, тәркіленді.

– Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткі заттарын өткізуге қатысы бар екі адам ұсталды. Олардан аса ірі мөлшердегі есірткі заты тәркіленді, – деді Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта полиция ұсталғандардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығын анықтап жатыр. Полиция есірткі заттарын заңсыз өткізуге қатысты кез келген әрекет қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді.