Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау министрі ретінде жұмысын жалғастыра береді. Бүгін Құрылтайдың салалық комитеті Денсаулық сақтау министрінің кандидатурасына келісім берді.
«Қазақстан Республикасы Құрылтайының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындау үшін Ақмарал Әлназарованың кандидатурасы келісілді. Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына сәйкес қаралды. Комитет отырысының нәтижесінде ұсынылған кандидатураны Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындауға болатыны туралы қорытынды қабылданды», - деп хабарлайды Құрылтайдың баспасөз қызметі.
Кейін Ақорда оның қайта тағайындалғаны туралы Жарлықты жариялады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалды», - деп хабарлайды Ақорда.