Қазір Марат Ерназарұлы жүргізетін
«Өзге пікір» айдары.
Ассалаумағалейкүм! Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков үнемге
көшіпті. Ақшасын ақылмен жұмсайды екен. Мейрамханаларға бармайды. Түскі асын
үйінде ішеді. Тіпті қыс бойы бір ғана курткамен жүрген көрінеді. Италиялық
марканың сырт киімін Қарағандыдағы дүкеннен алған. «Басқа күртешем жоқ» деп
назын білдірген. Кей адамдардың бір киімді бірнеше жыл қатарынан киіп,
жыртылғанша жүретінін білмейтін сияқты әкім. Дегенмен қаржылық дағдарыс оны
отандық киім-кешекті киюге мәжбүр еткен. Әкім Шымкентте тігілген костюмді 50
мың теңгеге алған. Шенеунік балаларына да ақша бермейді екен. «Екі ұлым бар.
Олар ер жетті. Өз күндерін өздері көреді»,- деген. Нұрмұхамбет Әбдібеков
дүкенге барғанда арзанға ұмтылатынын да мойындаған.
Alex: Жалақысы 600 мың теңге. Бірақ, ол бір жалақыдан екіншісіне дейін үнемдейді екен. Ал айына 60 мың теңге алатын, көп балалы отбасыларға қайту керек?
Аноним: Ақша жинап жаңа күртеше алып берейік. Бізде халықтың 80 % осылай өмір сүреді ғой. Бір адам болсын бұл жалғанның қызығын көрсін.
Аноним: Ой, өтірік айтудың не керегі бар? Күртешенің мамығы қаракүзен немесе шиншилладан шығар. Ал үйінде жеке аспазы болса, мейрамханаға барудың қажеті бар ма?
Аноним: Мен 4 жыл қатарынан бір күртешемен жүрмін, ештеңе емес...
Аноним: Неге әкімдердің әр сөзінен ілік іздей бересіңдер? Сонда олар мүлдем жақ ашпауы керек пе?
Аноним: Мұндайға дейін жетсе әкімнің тындыратын ісі қалмаған ба? «Күртеше», «мейрамхана» деген, не әңгіме ол? Мұндайды ауылдық округ немесе аудан әкімі айтса, бір жөн. Облыс әкімдері ұсақталып барады.
Студияда жүргізуші: Ал ұстаздардың жалақысы
645 мыңның ауылынан алыс. Сол себепті оларға пара алудан басқа амал қалмайтын
сияқты. Бес алғыңыз келсе, 2000, ал сынаққа 1500 теңге. Бұл Оңтүстік
Қазақстандағы Түлкібас ауданы «Агробизнес және туризм» колледжінің баға
ставкалары. Әккі мұғалімнің әр бағаны саудалап тұрған сәтін студенттер видеоға
түсіріп алып, ғаламдық желіге салып жібереді.
Шу көп күттірген жоқ... бұрқ етті.
«Бас саудагер»- маметатика пәнінің мұғалімі Нұржамал Жанбосынова.
Арын сатқан ұстаз пара алудың «шебері» сияқты. «Емтихан строго 2000-нан ғой!
Сөйттім ғой былтыр мен»,-деп отыр өзі. Тіпті шәкіртақымыздан береміз деп
қиылғандарға да жаны ашымады. Қарызға баға қоймайтын, тек қана «наличкаға» жұмыс
істейтін ұстаз болып шықты. Бүгінде Нұржамал Жанбосынова жұмысынан қуылды.
Ұстаз 51 жаста. 27 жыл педагогика саласында тер төккен. 27 жыл бойы пара алып
келді ме, әлде білім беріп келді ме, ол жағы белгісіз. Әкімшілік мұғалімді
жұмысынан босатқан. Іле-шала облыстан комиссия келіп, колледж басшылығының
өздерін түгел қуған. Ал пара алғыш ұстаз түсініктемесінде «өзін жайсыз
сезінгендіктен, не айтып, не қойғаным есімде жоқ», деп жазған. Қазір біз
әдеттегідей интернет қолданушыларының пікірін емес, сол студенттердің шағымын
ұсынамыз назарларыңызға. Тыңдайық.
Студент:Біздің шәкіртақымыз не бары 13 мың теңге. Мысалы, екінші курста біз 18 пән өтеміз. Егер әр пәнге мың жарымнан, екі мың теңгеге дейін беріп отырсақ, шәкіртақымыз жетпейді де. Біз қарызға жазып беріңізші деп едік, ол ұрыса бастады.
Студент:Біздің топта тұрмысқа шыққан қыз бар. Қазір аяғы ауыр. Мұғалім оған жеңілдік жасайтынын айтып, бір пән бойынша 500 теңгеге қойып берді. Сонда біз тұрмысқа шықпасақ, жеңілдік жасалмай ма? Біз ондай мұғалімдерден үлгі алғымыз келмейді.
Студент:Біз пара алатын ұстаздар туралы айтуға қорқамыз. Өйткені тексеріс кезінде студенттерді дайындап қояды, пара туралы айтпаңдар деп. Тексерушілер кетеді, ал біз қаламыз. Сондықтан қорқамыз.
Студент:Біз киім аламыз, тамақ аламыз, шығындарымыз бар ғой. Қысқы сессия кезінде 18 пәннен сынақ тапсырдық. Соның ішінде жеті пәнге ғана төлеген жоқпыз. Бұрын 500-ден 1000 теңгеге дейін ғана сұрайтын. Ал қазір 4 үшін 1000 теңге сұрайды. Қарызға десең, мың жарым теңге дейді. Ал бестік 2000 теңге тұрады.
Студияда жүргізуші: Параға батқан оқу
орындары да, теңгеге баға қоятын ұстаздар да жетіп артылады ғой бізде. Тек
олардың жолы болып, әлі видеоға түспей жүр. Енді студенттерін бопсалайтындар,
параны алу жолдарын «жетілдіретін» шығар. Ал сіздер пікір білдіруден шаршамаңыз. «Өзге пікірге»
сіздің пікіріңіз керек!