Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне себеп болған үйдің қабырғаларындағы жарықтар әлі де жөнделмеген. Тұрғындар ғимараттың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Сыртқы қасбеттен бөлек, үйдің ішкі қабырғаларында да жарықтар пайда болған. Ал қайғылы оқиғаға кімнің жауапты екенін анықтау үшін сот процесі әлі жалғасып жатыр. Тұрғындардың жанайқайын әріптесім Айғаным Тұрысбек тыңдап қайтты.
ТҰРЫСБЕК АЙҒАНЫМ, ТІЛШІ:
Қарашада болған қайғылы оқиғадан бері 10 ай өтті. Қасбет құлау мүмкін деп ескерту қағазын жапсырғанымен жөндеу үшін ешқандай әрекет жасалмаған. Тек қоршаумен ғана шектеліпті. Тұрғындар алдымыз қыс қайғылы жағдай тағы да қайталанбасына кім кепіл деп қорқып отыр.
БЛИЦ:
- Қорқамыз. Не істейміз енді? Біздің қолымыздан ештеңе келмейді.
- Қорқынышты, өйткені бұл аулада балалар жүреді. Ұлым күн сайын мектепке осы ауланың ішімен өтеді. Қазір оған бұрынғы жолымен емес, айналып жүр деп айттым
- Тұрғындар әр шыққан сайын кірпіш құлап кете ме деп қорқады. Әсіресе, аулада балалар жүретіндіктен алаңдаулы. Әкімдіктің не күтіп отырғанын түсінбейміз. Қазір сот шешімін күтіп отырмыз. Билік осы мәселеге назар аударып, нақты шешім қабылдаса екен деп үміттенеміз.
Үрей бұл үйдің әр тұрғынының көңілінде қалған. Қайғылы оқиғаның куәгері Айгүл Қалиева сол күні екі қайын әпкесінің үйінді астында қалғанын өз көзімен көрген. Күйеуі де жарақат алған. Отбасы аман қалғанына шүкір еткенімен, сол күнгі оқиға олардың күнделікті өмірін өзгертіп жіберген.
АЙГҮЛ ҚАЛИЕВА, КУӘГЕР:
Біз подъезден шығамыз, нан аламыз. Ар жағынан шығып остановкаға барамыз. Жұмыстан келіп резко үйге кіре салмыз. Күнделікті өміріміз сондай болған до 8 ноября. 8 ноябрь құлады апат болды. Менің күйеуімнің туған бауырлары сестралары біреуі апасы, біреуі сіңілісі. Бір анадан түскен бауырлар осындай жағдайға түсіп қалды.
Тұрғындар үйдің мәселесін талқылау үшін жиі бас қосып, түрлі мекемелерге хат та жолдаған. Айтуларынша, қасбетті жөндеуге қомақты қаражат қажет. Сондықтан бұл шығынды жалғыз өз күшімізбен көтеру қиын дейді.
АСТАНА ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ:
Тұрғын үйдің қасбеті - кондоминиумның ортақ мүлкі. Оны жөндеу тұрғындардың қаражаты немесе мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізіледі. Тәуелсіздік 24Б тұрғындарына бағдарламаға қатысу ұсынылғанымен, олар жөндеу жұмыстарын бюджет есебінен жүргізуді талап етті. Қасбетті жөндеу жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда қарастырылады.
Әкімдік тұрғындарға «Өркен қала» бағдарламасы арқылы жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұсынған. Бағдарлама аясында қажетті қаражат бөлінгенімен, тұрғындар кейін бұл соманы кезең-кезеңімен өздері өтеуі тиіс. Ал тұрғындардың айтуынша, көпшілігінің мойнында ипотека, өзге де несиелік міндеттемелер бар. Сондықтан олар қыстың қарсаңында тағы бір қаржылық жүктемені көтеруге шамамыз жоқ дейді. Олардың бар тілегі - қауіпті қасбет жөнделіп, қайғылы жағдайдың қайталануына жол бермеу.