$455.86 €528.84 ₽5.25
×

Абай облысында масаң күйде көлік басқарған 370 жүргізуші жауапқа тартылды

Абай облысында масаң күйде көлік басқарған 370 жүргізуші жауапқа тартылды
Polisia.kz

Абай облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және масаң күйде көлік басқару фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері облыс аумағында полиция қызметкерлері көлік құралын масаң күйде басқарған 370 жүргізушінің жолын кесті. Олардың қатарында жеңіл және жүк көліктерін, мотоциклдер мен электросамокаттарды басқарған азаматтар да бар.

Масаң күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтардың бірі. Абай облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Омаровтың айтуынша, жүргізушінің бір сәттік жауапсыздығы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.

 

– Масаң күйде көлік басқару – жауапкершілігі жоғары жүргізуші үшін жол беруге болмайтын әрекет. Көлік тізгініндегі адамның бір сәттік жауапсыздығы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан полиция қызметкерлері мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді, – деді Бауыржан Омаров.

 

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік құралын алкогольдік немесе өзге де масаң күйде басқармауға шақырады.