«Мына сөмкеде қорғасын ба, бомба ма?». Алматы әуежайында Ақтауға ұшқалы тұрған жолаушының сөзі қауіпсіздік қызметінің назарын аударып, ол рейстен түсірілді. 69 жастағы зейнеткер әзілдеген көрінеді. Дереу ол ұшақтан түсірілді. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Көліктегі полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері қарияны және оның жүгін тексерді. Алайда тыйым салынған немесе жарылғыш заттар табылған жоқ. Оқиғаға байланысты әуежайда жолаушылар эвакуацияланбаған. Алматы әуежайы штаттық режимде жұмысын жалғастырған.
КӨЛІКТЕГІ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Ер адамға қатысты заңда көзделген тиісті шаралар дереу қабылданып, ұсақ бұзақылық жасау және тыныштықты бұзу фактілері бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды. Жиналған барлық материалдар тиісті шешім қабылдау үшін толық көлемде сотқа жолданды. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын мұндай әрекеттерге жол берілмейді және оларға принципті түрде құқықтық баға беріледі.