Қарағандыдағы жылу жүйесінің апаты құбырлардың әбден ескіруінен болған. Қаланың оңтүстік шығысындағы жылу магистралінен былтырдан бері 50-шақты кінәрат анықталды. Жылуға жауаптылар 70-80 пайыз құбыр ескірген деп отыр. Бұл жолы құбырдың жарылуынан 140-тан астам көпқабатты үйде жылу мен ыстық судың температурасы төмендеген. Бұл туралы «Теплотранзит Қарағанды» мекемесінің басшылығы мәлімдеді.
Александр Акишин, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС техникалық директоры:
Бұл аумақ әбден тозған. 5 жылдан бері оны жөндеуге тырыстық. Алдағы жазда «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жөнделеді деп жоспарлап отырмыз. 2 шақырымнан асатын құбырды жаңартуға 1 млрд 100 млн теңге шамасында қаржы бөлінеді.
Айта кетейік, кеше кешкісін қаланың оңтүстік-шығысында жылу құбыры жарылып, 5 шағын ауданның көпқабатты үйлері қосалқы жылу жүйесіне қосылған. «Теплотранзит Қарағанды» серіктестігінің өкілдері жарылған құбырдан аққан ыстық су жерге тез сіңіп кеткенін айтады. Дегенмен пәтерлерде жылу температурасы қалыпты деңгейден 5 градусқа төмендеген. Мамандар кешке дейін қолайсыздық толығымен жойылады,- деп отыр. Апат орнында жөндеу жұмыстары аяқталған