$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Астана-Душанбе арасында тікелей әуе рейсі ашылады

AstanaTV
14.03.2018ж. 20:00
2345
Астана-Душанбе арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Астана-Душанбе арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл туралы Тәжікістан президенті Эмомали Рахмонның Астанаға ресми сапары кезінде айтылды. Ақордада өткен салтанатты қабылдау кезінде қос президент бірқатар мәлімдемелер жасады. Қазақстан Тәжікістан үшін ірі инвестор мемлекет ретінде саналады. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі 30 пайызға өскен. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Эмомали Рахмон араға он жыл салып Астанаға ресми сапармен табан тіреді.  Соңғы рет 2008 жылы келген Тәжік президенті, әлбетте, Астананың даму қарқынын атап өтті. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әріптесін «Парасат» орденімен марапаттады.

Былтыр екі ел  арасындағы алыс-беріс 800 млн долларды құраған. Бұл 30 пайызға көп. Дегенмен, оны 1 млрд-тан асыруға мүмкіндер бар, деді Назарбаев. Қазір Тәжікістанда ағаштар гүлдеп тұрса, бізде қалың қар жатыр. Яғни жеміс-жиек импорты қызықтырады. Ал Тәжікістанға жеңіл көлік, локомотив вагондары және теміржол техникасын экспорттаймыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұған қоса, Қазақстан - тәжік экономикасының ірі инвесторларының бірі саналады. Соңғы 5-7 жылда 120 млн инвестиция құйды. Осы тұрғыда біз Астана-Душанбе тікелей әуе рейсін ашу мәселесін қарастырдық.

Тағы бір жаңалық, Қазақстан мен Тәжікстан арасында барыс-келіс жеңілдейді. Бұдан былай азаматтар екі елде тіркеусіз 30 күнге дейін болады, ал тіркеумен жүру 90 күнге дейін ұзартылды.

Мөлдір Бақыт-Қызы, тілші:

Әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастан бөлек, мәдени-рухани байланыс та ұмыт қалмады. Астанада тәжіктің көрнекті ақыны Рудакидің атына көше беріледі. Душанбеде Абай атындағы көше бұрыннын бар. Рахмонның ресми сапары Орталық Азия мемлекет башыларының кеңесіне ұласады. Мұндай алқалы жиын соңғы рет 2005 жылы өткен. Ертең Астанада бас қосатын Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және Тәжікстан президенттері аймақтағы проблемаларды бірлесе пысықтайды.