Кейбір мәліметтерге қарағанда елімізде жан-жануарлардың 300 түрі жоғалып кеткелі тұр. Ондаған түрі жоғалып кеткен де сияқты. Мысалы, ортаазиялық гепард, қызыл қасқыр. Былтыр Маңғыстау облысында қақпанға түсіп қалған леопардтың фотосы жарияланғанда бұл аңның Үстіртті мекендеп-мекендемейтіні, қайдан пайда болғанына ғылыми тұрғыдан жауаптар берілмеген-ді. Біздің ғалымдарға «қызықсыз» ба, түсініксіз. Ал қақпанға түскен леопардты тауып алған сол маңдағы шаруашылықтың қожайыны мен оны «қорғану үшін өлтірдім» деген Кендірлі заказнигінің инспекторымен мән-жайды анықтап, біреулер сөйлесті ме? Табиғат қорғау прокурорлары неге үндемейді? Қасқырларды көлікпен басып, азаптап өлтіріп, киіктерді пойызбен басып, арсыз күлген, киіктердің жаппай қырылуының себебін таба алмай, тек «миллиардтаған қаржы керек» деп отырған кейпімізге қарасақ, ... «ұлуға» болады. Ришат Асқарбекұлының сараптамасы.
«Қызыл кітапқа» енген аң-құстардың ерекше қорғауда, мемлекеттің қамқорлығында екенін біле тұра қыра беру- жаға ұстатарлық жағдай. Ең сорақысы- сол бас пайдасы үшін табиғат байлығына қол салғандарға жаза жеңіл, заң солқылдақ. Өткен жылы «Қызыл кітапқа» енген аңдарды атқаны үшін 21 адам ұсталыпты. Олардың тек екеуі ғана түрмеге қамалған. Қалғаны сирек кездесетін түз тағыларының орнын қаржылай толтыруға міндеттеме алып, құтылыпты. Киелі киіктің екі мүйізі үшін оны оққа байлап, ақырында етіне де қарамай кететін адамды «аңшы» деуге бола ма?!
Әлихан Мелдебеков, қр зоология институтының бас директоры:
Айту керек, оның етіне қызығып жатқан жоқ. Оны атады да, мүйізін кесіп алады да тастап кетіп жатқандар көп.
Егер бұл мәселені біз көтерсек, құқық қорғаушылардың жұмысына араласқанымыз болып шығады, дейді Алматыдағы «ОХОТЗООПРОМ» кәсіпорнының мамандары. Әйтпесе сирек кездесетін аңдарды қорғап, басын көбейтуге кеткен еңбек ақталмайды. Табиғат байлығын тәрк еткен сұғанақтармен күрес күшеймей, жағдай оңалмақ емес.
Мұхит Акоев, «охотзоопром» РМК маманы:
Брокеньерлердің шығатын көліктері замануи, соңғы жылдам техникалар. Оған Совет одағында шығатын баяғы уазиктермен қуып жету қиын. Жеткенмен ұстаған соң, істің 80-90 пайызына іс қозғалмай кетеді.
Арыға бармай-ақ күнделікті өзіміз бірнеше рет шолып шығатын әлеуметтік желілірге үңілсек. Ақпараттық ленталар мынау сияқты түсірілімдер мен аңды аяусыз жаншыған фото-бейне материалдарды көптеп жариялауға әуес болған. Мысалы, Шығыс Қазақстанда аңшылар 50-ден астам түз тағысының өлексесімен бірге фото суреттерге түсіп, оны мақтангерлік көрген. Ал тағы бір бейнетүсірілімде қасқырды ұстап алып, қинап, мазаққа айналдыру оқиғасы бейнеленеді.
Өткен жазда Маңғыстау облысында сирек кездесетін ортаазиялық леопардтың өлтірілгені туралы хабар да ғаламтор арқылы жылдам тарады. Жалпы дүниежүзінде сирек ұшырасатын жыртқыш браконьерлердің ақбөкенге немесе малшылардың қасқырға құрған қақпанына түсіп қалған.
Әділбек Қозыбақов, «Қолдау-экология» арнайы орталығының жетекшісі:
Қазақстан фаунасында леопард жоқ. Қазақстан ғалымдарымен ақылдаса отырып, бұл аңның сол сырттан келгенін анықтадық. Түркіменстандағы Үлкен Балқан аумағында осындай тектес леопардтар кездеседі. Сондықтан былтыр Маңғышлақ жеріне келіп өлген жыртқыштың 450 шақырым жерден осында ауып келгенін сеніммен айтамыз.
Жалпы елімізде қоршаған ортаға деген жанашырлық өте төмен деңгейде. Табиғаттың қай байлығын алсаңызда, аяусыз тоналып жатқан заман, дейді құсбегілер ұйымының төрайымы Бағдат Мүптекеқызы. Ең болмаса «Қызыл кітапқа» енгендерге ерекше қамқорлық жасай алмай отырмыз. Құстардың тоққа түсіп өлуі жиілепті. Былтыр ғалымдар электр бағаналарының түбінен жүздеген бағалы қанаттының өлексесін тапқан.
Бағдат Мүптекеқызы, «қыран қоры» федерациясының атқарушы директоры:
Мысалы, өткен жылы мен Атырау облысында болған кезде 1 жылдың ішінде 100-ге жуық осы қыран құстар сол жоғары кернеулі электр тоқтарына түсіп өлгені туралы мәліметтер алдым. Өйткені бізде ол қорғалмаған, ал Рессей жағында тоқты жүргізген кезде электр сымдарын олардың қорғайтын жоғар жағында қабаттар болады. Бізде қараңыз жоғарғы кернеулі тоқтарда сол құстарды қонғанда қорғайтын қорғағыштар жоқ.
Енді аз-кем дерекке тоқталсақ, әр он жыл сайын елдегі аң-құстарға санақ жүргізіліп, олардың ішінде сиреп қалғандары арнайы есепке алынады. Қазақстанда алғашқы «Қызыл кітап» 1978 жылы басылып шығып, оған елімізде 87 хайуанаттың түрі кірген. Ал соңғы рет 2010 жылы қайта редакцияланған «Қызыл кітапқа» қазақ топырағында құрып кету қаупі бар 128 аңның түрі енгізіліп отыр.
Графика:
Қар барысы – Қазақстандағы ең үлкен жабайы мысық. Саны 200-ден аспайды. Жылдан-жылға азайып бара жатыр. Себебі – азық қорының азаюынан саны кемуде.
Қаяздар - Қазақстанда саны тез азайып келе жатқан түр. Арал су алқабында және Шу өзенінде тіршілік етеді. Шу өзенінде 1980 жылдардың аяғында жойылып біткен болу керек. Табиғи көбейетін жерлерін, басқа түрлермен (арал қаязы, қарабалық) будандасу шектерін зерттеу керек.
Бат-бат кесіртке (лат. Phrynocephalus mystaceus) – ешкіемерлер тұқымдасындағы жұмырбасты кесірткелердің бір түрі. Каспий теңізі мен Алакөл арасындағы шөлді аймақтарда тіршілік етеді. Наурыз – қазан айларының аралығында күндіз көзге түседі. Жылына 2 рет 2 – 4 жұмыртқа салып, көбейеді. Жоққа тән.
Қызыл қасқыр - қасқыр тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Қазақстанда Тянь-Шань мен Жетісу (Жоңғар) Алатауында кездеседі. Көбеюі жөнінде деректер аз. Қызыл Қасқыр — терісі бағалы аң. Саны өте аз, соңғы 40 жылда Қазақстанда Қызыл Қасқырдың кездескені туралы дерек жоқ.
Қазақстан табиғатының мақтанышына айналған тағы бір ерекше тіршілік иесі- арқарлар. Астыртын атып алатын аңшыларды айтпағанда, арқардың басты жаулары- қасқыр, аю және сілеусін секілді жыртқыштар.
Әлихан Мелдебеков, қр зоология институтының бас директоры:
Шетелден аңшылар келсе елімізге бірінші арқарды атқысы келеді. Қазақстанда арқардың 6 түрі бар. Мысалы мына Қаратау архарының бар болғаны 120 бас қылыпты. Алтай арқары да 100-дің ар жақ, бер жағы.
Қазақ даласының тағы бір еркесі- қар барысы. Соңғы деректер түз тағысының ұлан-ғайыр даламызда небәрі 120-130 басының қалғанын айтады. Өткен жылдың күзінде Алматыдан шыққан үлкен экспедиция Жоңғар Алатауының сілемдерін мекендейтін осы жыртқыш аңға зерттеулер жүргізіп қайтқан.
Әлихан Мелдебеков, қр зоология институтының бас директоры:
Біз айналысып жатқан соң білеміз, қай салада қай хайуанаттың түрі азайып бара жатыр. Қайсысын сақтау керек дегенге проект береміз. Оны комиссия қарайды. Бірақ ол жерде отырғандардың зоологиядан хабары жоқ. Алады да сызып тастайды. Мысалы қар барысын зерттеуге деп 5 млн. теңге берді. Оған не жасап, не қоюға болады.
Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар деген қазақтың философиясы табиғаттың балансын, тылсым күшін осы аңдармен тікелей байланыстырған. Мамандар жүгірген аң, ұсқан құс пен жайқалған өсімдіктің селдіреуі адамзаттың, жаңа технологияның, қару-жарақтардың қарыштап дамуымен түсіндіреді. Бетпе-бет келген аңды жалаң қолмен алу қайда?! Оптикалық дәлдігі басым қарумен атып салу, одан қалса жүйрік көліктермен, тікұшақпен қуып ұстау қоршаған ортаның құнды қазынасын жойып барады.
Қалай десе де, «Қызыл кітапқа» енген аң-құстың басты жауы бәрібір- қасакерлер, яғни брокеньерлер. Оларға тағайындалатын жаза өз дәрежесінде емес. Біз бүгін сөзге тартқан мамандардың ортақы пікірі де-осы. Табиғат тепе-теңдігін ұстап тұратын тіршілік иелері неге біреудің жеке мақсаты үшін құрып кетуі керек?! Егер осылай кете берсе, «Қызыл кітапты» ғана құшақтап қалуымыз мүмкін ғой, дейді табиғат жанашырлары.
Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».