$456.56 €530.52 ₽5.28
×

Сағынышпен өткен 9 жыл: Қарағанды облысында сотталған азамат жақындарымен қауышты

Сағынышпен өткен 9 жыл: Қарағанды облысында сотталған азамат жақындарымен қауышты
Polisia.kz

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты №33 мекемесінде ерекше кездесу өтті.

Мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған 9 жылдан кейін анасымен және қарындасымен қайта қауышты. Тоғыз жыл — адам өміріндегі аз уақыт емес. Осы аралықта талай нәрсе өзгерді. Алайда арақашықтық пен жылдар жақын жандардың арасындағы байланысты үзген жоқ. Анасы мен қызы жақын адамымен жүздесу үшін мекемеге арнайы барған. Олардың бұл кездесуді қанша уақыт күткені алғашқы сәттен-ақ байқалды. Көптен күткен құшақ, қуаныштан жасқа толған жанар, үнсіз түсініскен сәттер — тоғыз жылдық сағыныштың өтеуі іспетті болды. Телефон арқылы айтылмай қалған талай сөз жүзбе-жүз кездескенде айтылып, сағыныштан сарғайған жүрекке медеу болды. Мұндай кездесулердің сотталғандар үшін маңызы зор. Отбасының қолдауы адамның өміріндегі қиын кезеңді еңсеруіне ғана емес, болашаққа деген көзқарасын өзгертуіне де ықпал етеді. Әлеуметтік-құқықтық және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Ануар Зейнуллиннің айтуынша, сотталғандардың туған-туыстарымен байланысын сақтау — мекемедегі тәрбие және психологиялық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.

 

— Отбасымен арадағы байланыстың үзілмеуі сотталған адам үшін өте маңызды. Жақындарымен тұрақты қарым-қатынас оның эмоционалдық жағдайына оң әсер етіп, жақсы жаққа өзгеруге деген ынтасын арттырады. Сонымен қатар бұл бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне және қалыпты өмірге оралуына дайындалуына көмектеседі, — деді Ануар Зейнуллин.

 

Ал 9 жылдан кейін анасын және бауырын көрген азамат үшін бұл күннің орны бөлек.

 

— Тоғыз жыл — өте ұзақ уақыт. Осы жылдар ішінде отбасыңның, туған-туыстарыңның қаншалықты қымбат екенін терең түсінеді екенсің. Жақындарыңды жаныңда көріп, олармен бірге болудың өзі үлкен бақыт екенін ұқтым, — деді сотталған азамат.

 

Бірнеше сағатқа созылған бұл жүздесу тоғыз жылдық сағынышты толық баспаса да, анасы мен баласына, бауырларға бір-біріне деген жақындығын қайта сезінуге мүмкіндік берді. №33 мекемесінде сотталғандардың туған-туыстарымен байланысын сақтау және отбасылық қарым-қатынастарын нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.