$456.56 €530.52 ₽5.28
×

Елімізде "дуа қайтарамын" деп сан соқтырып кететін алаяқ көбейген

AstanaTV
07.09.2026ж. 19:00
Елімізде "дуа қайтарамын" деп сан соқтырып кететін алаяқ көбейген

Елімізде «дуа қайтарамын, балаңызға қауіп төніп тұр» деп жұртты алдайтын алаяқ көбейген. Олар «жолыңызды ашамын» деген желеумен ірі көлемде ақша талап етіп, қаржы қолға түскен соң ізім-ғайым жоғалады. Мұндай жалған балгерлер мен көріпкелдердің арбауына түсіп, сан соғып қалғандар аз емес. Полиция өкілдерінің айтуынша, айлакерлер тұрғындарды негізінен әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тұзаққа түсіріп жатыр. Толығырақ Аяулым Изатқызының бейнематериалында.

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

«Жолыңыз байланып тұр. Бірақ мен оны ашам. 50 мың берсеңіз, ертең-ақ бағыңыз ашылады». Әлеуметтік желідегі мұндай хабарландыруларды сіз де көрген боларсыз? Кейінгі уақытта «дуа қайтарамын, жол ашамын» деп халықтың сеніміне кіріп, қалтасын қағатын алаяқтар көбейген. Олар адамның шарасыздығы мен қорқынышын пайдаланып, оңай олжаға кенелуді көздейді. Бірақ мәселесін біреу «сиқырмен» шешіп береді деген бос үмітке сеніп, ақыры өкініп қалатындар аз болмай тұр.

Желіде желігіп, бақсы-балгер іздейтіндердің қарасы қалың. Шарасыз күйге түсіп, не істерін білмегендер сәуегейлердің тобына жазылып, бірінен кейін бірі кеңес сұрайды. Ал «бал ашамын» дегендер әлеуметтік желілерде өз «қызметтерін» ашық ұсынып, жарнаманы да қатырады. Тіпті жас шамасына да, тұратын қаласына да қарамастан емші іздейтіндер көбейген.

БЛИЦ:

– Қыздар, гадание дегенге сенесіздер ме? Жасатып, тура келгендер бар ма? Жасатып алып, айтқанына көңілім толмай, көңіл-күйім түсіп тұр.

- Қыздааар, көмектеріңіз керек! Өздеріңіз сенетін, өте жақсы, бәрін дөп басып айтатын көріпкел немесе сәуегей керек. Кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз үшін алғыс айтамын!

- Астана! Көріпкелдер бар ма? Бақсы.

Сұраныс бар жерде, ұсыныс  бар. Біз де балгерлердің біріне қоңырау шалып, «жол ашу» қызметінің бағасын білмек болдық. Бұл салада да арнайы «прайс» бар екен. Бастапқы бағасы 5 мың теңгеден басталса, негізгі «емдеу» мен жоралғылардың құны ондаған, тіпті жүздеген мың теңгеге дейін жетіп жығылады.

БАЛГЕР:

Мәселеңізді тыңдап, жағдайды анықтау - 5 000 тг. Ал арнайы жоралғылар бағасы жағдайыңызға байланысты 50 000 тг-ден басталады. Жеке қабылдау да жүргіземін, ал егер келе алмасаңыз, осы нөмірдегі картаға төлем жасап, фотосуретіңізді жіберсеңіз болады. Мен оны қарап шығып, жағдайыңыз туралы айтып беремін.

Осындай «онлайн-жоралғыларға» сеніп, сан соғып калатындардың көбі полицияға шағымдануға ұялады. Өйткені өз еркімен ақша аударғанын түсінеді. Дегенмен тәртіп сақшылары мұндай заңсыз әрекеттердің алаяқтыққа жататынын ескертеді. Мәселен, жуырда ғана өзін емшімін деп таныстырған қу азаматтың тұзағына түсіп, ірі көлемде қаржысынан айырылғандар бар.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Абай облысының тұрғыны алаяқтың арбауына түсіп, оның сөзіне сеніп, үш күн ішінде оған 134 мың теңге аударған. Ақшаны алғаннан кейін өзін «емші» ретінде таныстырған адам жәбірленушіні бірден бұғаттап, онымен байланысын үзген.

Ал дін өкілдері мұндай әрекеттерге түбегейлі қарсы. Бақсы-балгерлікпен айналысып, көріпкелдік жасау - үлкен күнә дейді мамандар. Жаныңызға шипа немесе рухани демеу іздесеңіз, күмәнді адамдарға емес, ресми мешіттердегі білікті мамандарға жүгінген абзал.

ЕЛБЕК ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Бақсы-балгерлік жасайтындар, яғни жын-шайтанмен осындай тірлік жасайтындар - бұл өте, біздің дінімізде күнәға бататын адамдар. Мешіттерде білікті мамандар болады. Осы дем салумен, тіл-көз бар ма екен немесе дуалаған болса, арнайы айналысатын діни сауаты бар, мешіттерде ресми қызмет ететін дін саласындағы мамандар бар. Бірінші соларға жүгінген абзал болады.

Алаяқтардың арбауына түсіп, қаржылай да, рухани да шығынға батпас үшін қарапайым сақтық ережелерін ұмытпаған жөн. Ал «жол ашамын» дегендердің құрығына түскендер болса, бірден құқық қорғау органдарына хабарласқан абзал.