Елордалық тұрғындар ұйымшылдығының жемісін көруде. Бірауыздан дауыс беріп, жоба жасаған тұрғын үй кешендерінде Астана қаласының әкімдігі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда. Бұл үшін тұрғындардан бір тиын да алынбайды. Атап айтқанда, аула жөнделіп, балалар үшін ыңғайлы, қызықты әрі қауіпсіз орта қалыптасты.
Елорданың қақ ортасындағы мына тұрғын үй кешенінің салынғанына бірталай уақыт болды. Осы аралықта тұрғындар сөзінше, аула ескірген. Қызмет көрсету компаниясы бастама көтерген кезде, бүкіл пәтер иелері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қолдау көрсетті. Осының арқасында, әкімдік өтінішті қабыл алған.
ИЛЬДАНА САЛИКОВА, НЫСАН МЕНЕДЖЕРІ:
Астана қаласының әкімдігі сұрағанымыздан да көп жасап берді. Жоба бойынша, қоршаулар қарастырылмаған еді. Балалар бұрын көлік жүретін жерге доп қуалап шығып кететін. Ол жерді қоршап, ауланың сыртына да орындықтар орнатты. Сондықтан, тұрғындар атынан ризашылығымды білдіремін.
Бастаманың жүзеге асқанына, әсіресе, балалар дән риза. Бұрын екі әткеншек пен екі сырғанақ қана болған. Оның өзі ескі-құсқы еді дейді.
БЛИЦ:
- Маған турникке асылып ойнаған ұнайды. Одан кейін бізге пойыз да жасап берді.
- Бұрын бізде тек әткеншек болды. Қазір, неше түрлі бар. Аттракцион сияқты.
- Маған біздің аула өте қатты ұнайды. Құм, түрлі ойын құрылғысы бар. Бәрінде ойнап үлгермей жатырмын.
Жасөспірімдер де кішкентай балалармен қатарласып ауланың қызығын көріп жатыр. Себебі, воркаутқа арналған темірдің түр-түрі орнатылды.
ӘМІРЖАН КЕНЕНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мен турник десе ішкен асымды жерге қоятын адаммын. Осы ауламыз жөнделмей жатып, үйдің артындағы ескі, тот басқан турникке баруға мәжбүр болдым.Ал қазір өз ауламызда орнатылды. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмай жатырмын. Сапасы өте керемет.
Есіл ауданы абаттандыру бойынша алдыңғы қатарда. Аз уақыт ішінде 399 ауланың 363-і яки 91 пайызы жаңарған. Биыл «Халықтық қатысу бюджеті» аясында тағы 5 аула мен балалар алаңдары жөндеу көрді.