Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімге ата-ана чатында кешке сұрақ қоюға қатысты мәселеге түсініктеме берді. Мәселе ата-аналар қауымдастығымен ақылдаса келе, заңды түрде шешілмек.
Министрдің айтуынша, ата-аналар мұғалімнің жұмыс уақытынан тыс кездегі жеке өміріне құрметпен қарауы керек.
«Әр педагог орта есеппен күніне 6 оқу сағатын өткізеді. Оның барысында мұғалім жүздеген баламен жұмыс істейді. Әр сыныпта шамамен 25 бала деп есептесек, олардың әрбірімен сөйлесіп, оларды тыңдап, бағалап, балаларға сабақ үйретеді. Осылай күніне 6 сыныптың оқушысымен жұмыс істейді. Сабақ уақыты біткен соң, олардың дәптерін тексеріп, баға қояды. Келесі күні сабаққа жақсы дайындықпен келуі үшін мұғалім тынығуы керек. Сондықтан ата-аналар мұғалімнің кешкі уақыттағы жеке өміріне құрметпен қарауы тиіс», деді Жұлдыз Сүлейменова.