Жүргізуші куәлігін таныстары арқылы жасап беруге уәде еткен алаяққа 6 қала тұрғыны өз қаражаттарын сеніп тапсырған. Алайда ол өз міндеттемелерін орындамай, алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған, деп хабарлайды Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, келтірілген шығынның жалпы сомасы -2,3 млн теңге. Сотта прокурор сотталушының кінәсін толық дәлелдеді.
Сотталушының кінәсін мойындауы және келтірілген шығынды ішінара өтеуі ескеріліп, сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сондай-ақ жазаны өтеу мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат көлемінде мәжбүрлі еңбекке тарту белгіленді.
-Сотталған адамға бірқатар міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты және жұмыс орнын өзгертуге, алкогольдік ішімдіктерді тұтынумен байланысты ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Жұмысы болмаған жағдайда жұмыссыз ретінде тіркелу, сондай-ақ сот белгілеген түнгі уақытта (сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін) тұрғылықты жерінен тыс жерде болуға шектеу қойылды,-делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енді.