Оралда есірткі таратқан шетелдік азамат 6 жылға сотталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктіні есірткі заттарын жасырған жерінен қолға түсірді. 33 жастағы шетелдікті тінту кезінде ұнтақ зат салынған 12 орама және екі телефон тәркіленді. Қосымша тексеру барысында осындай зат салынған тағы 13 орама табылған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары оның есірткі сататын интернет-дүкенде курьер болып жұмыс істейтінін анықтады. Ал жүргізілген сараптама қорытындысы тәркіленген заттың синтетикалық есірткі екенін растады.
ЖАННА ӨТЕБАЕВА, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Қылмыстық істі қарау нәтижесінде сот ер азаматты кінәлі деп танып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.