Құс өнімінің бағасын 20 пайызға көтеру керек. Қызылжардағы "Бескөл құс фабрикасының" басшысы осылай деп отыр. Өйткені коммуналдық қызметтен бөлек, құс азығы 35 пайызға қымбаттаған. Ал Қазақстан құс шаруаларының одағы өнімнен 100 пайыз пайда тауып отырған сауда орындарындары үстеме бағаны 20 пайыздан асырмау қажет деп отыр. Абзал Құрманкин шаруалар шағымын тыңдап келді.
Мына құс фабрикасында 700 мыңға жуық тауық бар. Биыл 125 миллион жұмыртқа өндіруді жоспарлап отыр. Алайда, компания басшысы қазіргі баға саясаты кәсіпорынның дамуын тежеп отыр, дейді.
Ерік Біләлов, «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС директоры:
Жарықтың құны 800 мың теңгеге, ал жем-шөп пен биоқоспалардың бағасы 35 пайызға артты. Бүгінде азық-түлік 1,5-2 есе қымбаттады. Ал жұмыртқаның бағасы әрі кетсе 3-4 пайызға ғана өсті. Сондықтан қондырғыларды жаңғыртып, өнім сапасын бірқалыпты ұстау үшін өнім бағасын 20 пайызға көтеру керек.
Абзал Құрманкин, тілші:
Бүгінде отандық құс фабрикаларында жұмыртқаның орташа бағасы 17 теңге. Алайда сауда сөрелеріне жеткен кезде өнім құны еселене түседі. Қазір Қызылжар базарларында жұмыртқаның 10 данасы 160-пен 280 теңгенің арасында саудаланып жатыр. Ал кейбір аймақтарда оның құны 40 теңгеге дейін жетеді. Егер шаруашылықтардың бағаны қымбаттату жөніндегі өтініші қабылданса, онда жұмыртқаның бағасы тіпті 500 теңгеден асып жығылуы мүмкін.
Сондай-ақ құс шаруашылықтары үкімет бөлетін демеуқаржыдан қағылудан қорқып отыр. Қазір билік тарапы әрбір өндірілген жұмыртқа үшін 2,5 теңге дотация төлейді. Үкіметтің бұл көмегі 2020 жылы тыйылуы мүмкін. Қаржылай қолдау үзілген соң, құс шаруашылығы саласы бәсеңдей түседі. Себебі, бүгінде мемлекеттік субсидия кәсіпорындарға ішкі шығынның бір бөлігін жауып, табысты жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр, дейді фабрика өкілдері.
А.Құрманкин