Маңғыстау облысында қатты желдің салдарынан тұрғын үйдің шатыры ұшып кетті. Қарақия ауданы әкімдігінің мәліметінше, оқиға Құрық ауылында болған. Тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Алайда қолайсыз ауа райына байланысты шатыр жабынын толық аяқтап үлгермеген.
Қатты жел салдарынан ғимарат шатырының бір бөлігі жұлынып кеткен.
Дрон арқылы түсірілген кадрлардан шатырдың едәуір бөлігі жоқ екені көрінеді. Ағаш конструкциялары ашық қалған, ал жабын үстінде құрылыс материалдары мен кірпіштердің сынықтары жатыр. Зардап шеккендер жоқ.
Ақтау қаласында да дауылдан кейінгі қалпына келтіру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дауыл салдарынан құлаған ағаштар кесіліп, қауіпсіз аумақтарға шығарылып жатыр.