$454.46 €527.72 ₽5.25
×

Алматыда мемлекеттен пәтерді жалға алған әлеуметтік осал топ өкілдері наразы

AstanaTV
09.09.2026ж. 19:00
Алматыда мемлекеттен пәтерді жалға алған әлеуметтік осал топ өкілдері наразы

Алматыда мемлекеттен пәтерді жалға алған әлеуметтік осал топ өкілдері наразы. Тұрғындардың айтуынша, құжатта көрсетілген пәтер көлемі іс жүзіндегі аумақпен сәйкес келмейді. Соған қарамастан, жалдау ақысы мен коммуналдық төлем шаршы метрге шаққандағы көлем бойынша есептеліп отыр дейді.

Бұл үйлердегі пәтерлер әлеуметтік осал топ өкілдеріне мемлекет бағдарламасы аясында жалға берілген. Алайда қоныстанған тұрғындар баспананың құжаттағы сипаттамасы мен нақты жағдайы арасында айырмашылық барын айтады. Әсіресе пәтер көлеміне қатысты мәселе көп.

АЙЗАТ ЕТЕКБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Мен өлшедім, менде енді 1,5 метр жетпейді. Басқа көршілерде 3-5 метрдей жетіспейді. Сол жетпегені үшін біз еще оның коммуналкасын төлейміз ғой. Өйткені шаршы метрмен есептеледі ғой. Факт бойынша бөлмелердің ауданы құжаттағы, яғни техпаспорттағы ауданмен сәйкес келмейді. Сондай ойлаңыз 1метр кв бағасы 430-440мың болса, 5метр кв қанша кетіп жатыр, қанша төлену керек?!

Тұрғындардың айтуынша, мәселе тек шаршы метрдің сәйкессіздігінде емес. Кейбір отбасыларға берілген пәтерлердің жоспарлануы да олардың тұрмысына қолайсыз.

ЕЛЕНА БЕЛЯЕВА, ТҰРҒЫН:

2-3 баласы бар отбасылар бар. Оларға бір жатын бөлмесі және асүймен біріктірілген қонақ бөлмесі бар пәтер берілген. Ал оған ер бала мен қыз баланы бір бөлмеге қалай жатқызамыз? Сондай-ақ пәтерде мүгедектерге арналған арбаны қоятын жер қарастырылмаған. Жертөлеге су толып кеткен, пәтерден кәріздің иісі шығады.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Міне, тұрғынның құжатында бұл пәтердің көлемі 54 шаршы метр деп көрсетілген. Бірақ қазір өзіміз өлшеп көрейік. Көрсеткіш 50 шаршы метрге де жетпей тұр. Соған қарамастан, тұрғындар жалдау ақысы мен коммуналдық төлемді дәл құжаттағы 54 шаршы метрге төлеп келеді.

Ал тұрғын үй кешеніне жауапты басқарушы компания өкілдерінің айтуынша, пәтерлердің шаршы метрі мемлекет берген құжаттағы мәлімет бойынша есептеледі. Коммуналдық төлем де осы дайын ақпарат негізінде шығарылады. Дегенмен, тұрғындардың көтерген мәселесін шешуге мүмкіндік бар екенін айтады.

АЙБОЛ ДӘУЛЕНБАЙ, ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:

Өзгертуге болады конечно, БТИ-ге барып. Заявление берсе, қайтадан инчпекторлар келіп, өлшеп, нақтылап, тағы да новый техпаспорт жасап береді. Тұрғындар өздері істей алады. Бірақ қателеспесем, собственник болу керек. Содан кейін барып істей алады.

Ал тұрғындар мәселе толық шешімін тапқанша, пәтерлердің нақты көлемі мен құжаттағы мәліметтерге құқықтық баға беруді талап етеді. Олардың айтуынша, әлеуметтік баспана берілгенімен,  сапасы мен тұрғындарға көрсетілген шарттары да талапқа сай болуы тиіс.