$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тозған аудан. Бар жағынан... Жалға берілетін пәтер көп аудандағы жағдай...

AstanaTV
17.03.2018ж. 20:00
2890
Тозған аудан. Бар жағынан... Жалға берілетін пәтер көп аудандағы жағдай...

Қызылорда қаласында «қызыл шамдар көшесі» аталып кеткен жер бар. Тұрғындар бар жағынан тозған – қоқысқа толып, рухани азған ауданнан көшіп кеткілері келеді, қайдан?! «Бордель» жайлаған ондай жерден үйді кім алсын. Бірақ бұл жерде парадокс те бар... Шарипа Сақтапова былтыр сюжет жасаған. Биыл да жасауға тура келіп тұр. Тұрғындарды аяйсың.

Бұл қаланың тап орталығы. Әйтеке би, Әуезов, Қорқыт Ата, Үсербаев атындағы көшелерде орналасқан үйлердің аймағы. Орталық алаңнан бірнеше метрдегі аудан көпшіліктің сұранысына ие. Әсіресе, демалыс, мереке күндері мұндағы сауда аспандап кетеді. Саудаланатын нәрсе –  жұршылықтын көзінен таса болар демалатын орын, жалдамалы пәтер. Жасы да, жасамысы да осында. Әйелі де, еркегі де. Түрлі контингент. Байы да, кедейі де. Тіпті, облысқа белгілі шенділерді де байқап қалуға болады екен. Пәтер берушілер ешкімнің көңілін қалдырмайды. Күні-түні, ал мереке күндері тәулік бойына жалдамалы пәтерде тойлап, шулап, елдің мазасын алатындар ұят, ар, кінә, күнә дегеннен хабары жоқ секілді. Өйткені пәтерге кіріп алып, ойларына келгенін істейтін көрінеді.


Дәмегүл Үмбетбаева, Қызылорда қаласы Әйтеке би көшесінің тұрғыны:

Үйімде, мысалы, немерелерім бар, қыздарым бар, ұлдарым бар, солардың бәріне не айтарыңды білмей қаласың. Содан кейін мынау подъезіміздегі мусор енді құдай сақтасын, дәретхана болып кетті. Онын ішіне үлкен дәрет те, кіші дәрет те табылады.

Бір сағаттан бастап бірнеше тәулікке дейін жалға берілетін пәтерлер «патшалығы» осы жер. Әрине, табысты ойлаған адам пәтерін кімге, не үшін беріп жатқанын сараламайды. Оған бәрібір, ақшасын төлесе болды. Тіпті жасөспірімдер де жалдайтын көрінеді.

Райхан Насымханова, Қызылорда қаласы Үсербаев көшесінің тұрғыны:

Алты көпқабатты үйдің тең жартысында пәтерлер сағаттап жалға беріледі. Адал кәсіпкерлікпен айналысуға ешкімге кедергі келтірмейміз, бірақ бұл «кәсіптерін» басқа жерде жүргізсін. Мұнда біз балаларымызбен қатар қарияларымызбен тұрамыз. Біздің аймақтан құртса екен осыларды, сол өтінішіміз. Билік тиісті шара қолданып, барлығын жауап тастасын. Бұл кәсіпкерлік емес, кәсіпкерлік қызмет деп притон мен бордельдер ашып қойған.

Мұхтар Сүгіров, Қызылорда қаласы Әуезов көшесінің тұрғыны:

Біз облыстық прокуратурға ұжымдық арыз жаздық, осы аймақта ғы барлық тәртіпсіздік, былық, заңсыздықтарды тіркеп тұрып. Прокуратура дұрыс шешім қабылдап, осы барлық притондарды жабады деп үміттенеміз. Бұларды жеке кәсіпкерлер деуге болмайды, өйткені олар салық төлеп отырған жоқ. Қоммуналдық қызметтер үшін де төлемейді, тазалық пен тәртіпті сақтамайды.

Рас, пәтерін жалға беретіндер кәсіпкер бейнесін жамылғандар. Және олармен күрес күнделікті жүргізіліп келеді, деген жергілікті полиция қызметінің басшысы осы терең тамырлаған дертті қоғам болып ғана жоя аламыз, деп жалғастырады.  Өткен жылдың қараша айында осы аймақта дәлірек айтқанда, Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледжтің ғимаратынан полиция тірек пунктін ашқан, қазір 24 сағат бойы 16 полиция қызметкері ауданды күзетеді екен. Жалпы, жыл басынан бері 685 әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. Оның ішінде пәтерді жалға заңсыз беріп жүрген 39 адамға әкімшілік хаттама толтырылған.

Ермекбай Құдайбергенов, Қызылорда қаласының ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы:

486 пәтерді біз саралап, әділет басқармасынан тізімін алып, 121 күмән тұғызады деген жалға берген пәтердің тізімін салық басқармасына, кірістер басқармасына жолдадық. Бір ғана қолымыздың келте болып тұрған жері-бұл жердегі пәтер агенттіктері кәсіпкерлік субъектісы болып ашылған кірістер басқармасынан. Және пәтер берумен айналысуға болады деп алған да, негізінен 3-4 пәтер ғана заңды, қалған пәтерлерді өздеріне тіркеп алып, беріп жатыр. Негізі сол кәсіпкерлік субъектісі болмайтын болса бұл жерде пәтерлерді түгел жабуға болады.

Жалға берілетін пәтерлердің егелерінің көбісі бұл атышулы ауданнан көшіп кетіп, пәтерлерін саудаға қойғандар. Әрине, ешкім алмайды. Сосын сумаңдап жүрген осындай саудегерлерге ұзақ мерзімге жалға береді. Олар болса сол пәтерлерден күректеп табыс табады. Былай қарағанда тұйық шеңбер. Зәрезап болғандар әйтіп-бүйтіп көшіп кетеді, алайда жүйкені жұқартқан сауданы одан әрі қыздырып, пәтерлерін жалға береді.

Ермекбай Құдайбергенов, Қызылорда қаласының ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы:

Жыл басынан 16 пәтер қайтып иелеріне тапсырылып отыр, саралап, алып шықтық. Еңді қалған пәтерлерді иесіне тапсыру бағытында біз иелерімен сөйлесіп жатырмыз, бұл жердікін жабуға тырысамыз. Жалға беретіндерге беріп қойған.  Сұрастырсақ 30 –ң үстінде, ал негізі 63 пәтер әлі де халықтың мазасын алады осы жерде.

Нұрлан Мақсұтов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

Ағымдағы жылдың ақпан айында өңірлік  кәсіпкерлер палатасында аталған көшенің көпқабатты үйлердің тұрғындарымен және кәсіпкерлермен сол пәтерлерді өткізетін, жиналыс өткізілді. Аталған жиналыста түсіндірмелі жұмыстар барлығы орын алды.Заңсыз әрекеттерге жол бермеу керек.

Алайда аяғын тартып, «табысты» кәсібін жапқан ешкім жоқ, деп шулаған тұрғындар пәтер ұсынушылар рейд кезінде көліктерінде және дүкендердің ішінде отыратынын айтты. Сол жерлерде саудасын ашық жүргізе береді екен. Эксперимент ретінде өз адамымызға диктофон беріп, дүкеннің біріне кіргізіп жібердік. Үркектеп отырған ешкім жоқ. Есесіне кәнігі саудагер екендерін көрсетті. Тіпті, бір-бірінен келген клиентті тарта бастады.

- Жақсы квартира, екінші этаж, домофоны бар. Әдемі іші, қызынды сонда шақырып ал. Осы жерге десең осы жерге жіберемін. Просто мен тәуірін көрсін дегенім ғой, жақсысын аларсың.

Сонымен билік «жағдай бақылауда, бәрі реттеледі» дейді. Бірақ сол жерде тұратындар сенбейді. Атышулы аймақтан ешкім пәтер алмайтынын, жолы болып көшіп кеткендердің проблеманы одан әрі қоздырып, тұрған жайларын жалға беріп қоятындарын айттық. Жағдайы жоқтардың үрей, жиіркенішпен өмір сүруден басқа амалы жоқ. Бұл жерде бірнеше рет пәтер өртенді де, демалушы қауым бір-бірін пышақтап төбелесті де... Тұрғындар алдағы Наурыз мерекесіндегі бес күн демалысты қорқынышпен күтіп отыр. Не болары белгісіз. Тек өздерінде тыныштық пен мерекелік көңіл-күй болмайтыны аян.

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт».