Елімізде көпқабатты тұрғын үйлерді басқару және мүлікті ұстау саласында жиналып қалған түйткілді мәселелер әлі де аз емес.
Жазғы кезеңде «Әділет» партиясының мүшелері «Біздің қала» жобасы аясында ОСИ, ПИК (КСК) төрағаларымен және тұрғындармен бірлесе отырып, ауқымды жұмыс жүргізді. Астана қаласында өткен Республикалық форумда өңірлерден жиналған мыңнан астам сарапшы мен практик тұрғын үй қорын басқарудың ең өзекті түйткілдерін талқылап, 200-ге жуық ұсыныс-талапты жүйеледі.
Осы ауқымды жұмыстың қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министріне депутаттық сауал жолдап, салаға қатысты негізгі түйткілдер мен оны шешудің нақты жолдарын ұсынды.
Депутат өз сауалында тұрғын үйді басқарудағы заңнамалық және әкімшілік кедергілерге тоқталып:
«Көтерілген мәселелердің бір бөлігі заңнамалық шешімдерді талап етеді және фракция бұл жұмысқа кірісіп кетті. Дегенмен, проблемалардың басым бөлігі заңдарға емес, әкімшілік ету сапасы мен заңнамалық реттеуге байланысты. Төраға үйді ұстауға, өрт қауіпсіздігі мен инженерлік жүйелерге жауап береді, бірақ көптеген шешімдер меншік иелерінің дауыс беруіне және тұрғындардың өзін-өзі ұстауына байланысты. Бұл ретте бақылаушы органдардың шағымдары көбіне тікелей төрағаға қойылады», — деп атап өтті.
Сонымен қатар, ол тұрғын үйлердегі коммерциялық нысандардың тұрғындарға тудыратын қолайсыздығын да тілге тиек етті:
«Жеке мәселе — тұрғын үйлердің ішіндегі коммерциялық нысандар. Әсіресе бірінші қабаттағы дәмханалар мен ресторандар. Олар шу, жағымсыз иіс тудырып, инженерлік жүйелерге қосымша жүктеме түсіреді», — деді Екатерина Смышляева.
Басқару жүйесіндегі негізгі түйткілдер:
Цифрлық бюрократия: ОСИ төрағасы ауысқаннан кейін мемлекеттік, банктік және өзге де жүйелерде деректерді өзгертуде қиындықтар туындайды. Сонымен бірге, құжаттарын уақытылы тапсырған ПИК-терді (КСК) қайта тіркеу мәселесі созылып келеді.
Ақпараттың қолжетімсіздігі: Басқару органдарының тұрғындар туралы ақпаратқа қол жеткізуі қиын. Апаттық жағдайларда пәтер иесін табу немесе қарыздарды өндіру күрделі процесске айналған.
Банктердегі бірыңғай стандарттың жоқтығы: Екінші деңгейлі банктер шот ашу, өкілеттікті растау кезінде әртүрлі талаптар мен әртүрлі құжаттар топтамасын талап етеді.
Күрделі жөндеу және техникалық аудит: Шатыр, фасад, лифттер мен инженерлік жүйелерді күрделі жөндеу үлкен қаржыны талап етеді, ал ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктері тек жекелеген өңірлерде ғана жұмыс істейді.
Кадр тапшылығы: Өңірлік әкімдіктердегі тұрғын үй қатынастары бөлімдерінің штат саны жүктемеге сай келмейді.
Осыған байланысты «Әділет» фракциясының депутаты Екатерина Смышляева Үкіметке бірқатар нақты ұсыныстар білдірді.
Депутаттың Үкіметке қойған талаптары:
1. Көпқабатты үйлерді басқарудағы қолданыстағы ережелерге, тексеру парақтары мен әкімшілік процедураларға толық ревизия жүргізу;
2. ОСИ төрағасы ауысқан кезде цифрлық жүйелерге өзгеріс енгізу процедураларын автоматизациялау;
3. 2026 жылғы 12 шілдеге дейін өтініш берген ПИК-терді (КСК) қайта тіркеу процесін аяқтау;
4. Тұрғындар үшін дауыс берудің базалық модулі бар үйді басқарудың тегін цифрлық сервисін іске қосу;
5. Екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй шоттарымен жұмыс істеуінің бірыңғай стандартын әзірлеу;
6. Тұрғын үйде орналасқан коммерциялық нысандарға қойылатын техникалық, санитарлық және эксплуатациялық талаптарды күшейту;
7. Астана мен өзге өңірлердің тәжірибесі бойынша тұрғын үйлердің күрделі жөндеуін жеңілдетілген шартпен кредиттейтін ұйымдардың жұмысын ауқымды түрде тарату;
8. Жергілікті әкімдіктердегі тұрғын үй қатынастары бөлімдерінің штат санын көбейту;
9. Тұрғын үй қорына техникалық аудит жүргізіп, оның деректерін министрліктің цифрлық жүйесіне енгізуге басым түрде қаржы бөлу.
Депутат Екатерина Смышляева «Әділет» фракциясы аталған түйткілдерді шешуге қажетті барлық заңнамалық қолдауды көрсетуге дайын екенін атап өтті.