$456.89 €531.36 ₽5.32
×

Қазақстандықтар әнге инвестиция салып, табыс табуы мүмкін

Қазақстандықтар әнге инвестиция салып, табыс табуы мүмкін
Фото: Аида Батухан

Қазақстанда музыкалық туындыларға инвестиция тартып, одан түсетін кірісті әртіс пен инвестор арасында бөлісуге мүмкіндік беретін жоба әзірленіп жатыр. Бастаманы алдымен ел ішінде арнайы сынақ режимінде тексеру жоспарланған. Бұл туралы Astana Finance Days форумында креативті продюсер, IT-кәсіпкер, Ozen платформасының негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн айтты.

Оның сөзінше, экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту үшін балама табыс көздерін дамыту маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, IT саласымен қатар креативті индустрияның да мүмкіндігі мол. Қазақстандық музыка, кино және өзге де шығармашылық өнімдер сыртқы нарыққа шығып, елге кіріс әкеле алады.

«Қазақстанда креативті экономика соңғы жеті жылда белсенді дамып, шетелден табыс әкелуде. Сондықтан мемлекеттің осы бағытты қолдауын дұрыс деп санаймын. Біз де отандық әртістердің музыкалық шығармашылығын монетизациялаумен айналысамыз. Көрсеткіштер өсіп келеді, бұл салада әлеует зор», - деді Хуссейн.

Әннен түсетін табысқа инвестор да ортақтаса алады

Спикердің айтуынша, оның командасы соңғы бір жылда музыкалық зияткерлік меншікті токенизациялау жобасымен айналысып жүр. Бастаманың мәні - музыкалық туындыға қатысты құқықтардағы үлесті цифрлық токен түрінде ұсынып, оған инвестиция тарту.

Хуссейн Astana Finance Days аясында TechHub-пен осы бағыттағы ниет туралы меморандумға қол қойылғанын жеткізді.

«Әр трек - орындаушыға ғана емес, оның инвесторларына да табыс әкелуі мүмкін музыкалық актив. Бүгін TechHub-пен музыкалық индустрияны токенизациялау жөніндегі ниет туралы меморандумға қол қойдық. Әзірге жобаны Қазақстанда, арнайы сынақ режимінде тексеруді көздеп отырмыз», — деді ол.

Жоба жүзеге асса, қызығушылық танытқан адам музыкалық зияткерлік меншіктегі үлесті сатып алып, әртіспен бірге туындыдан түсетін кіріске қатыса алады. Спикердің сөзінше, мұндай мүмкіндік Қазақстан азаматтарымен шектелмей, шетелдік инвесторларға да ұсынылуы мүмкін.

Оның пікірінше, музыка мен шығармашылық өнімдерді қаржылық актив ретінде қарастыруға болады. Алайда сұхбат барысында жобаның іске қосылатын мерзімі, үлес сатып алу шарттары мен кірісті бөлу тетігі нақтыланған жоқ.