Еліміздің антикварлары бағалы кітаптарға инвестиция салуға кеңес береді. Раритет кітаптар жылына 10-15 пайызға дейін қымбаттайды. Мысалы, 18-ғасырдың басында қолмен жазылған Құранның 25 миллион теңгеге сатылатыны туралы хабарландыру шыққан. Ал 1948 жылы жарық көрген Абай шығармаларының толық жинағы 25 мың доллар тұрады. Тағы бір штрих - елімізден әл-Фараби жазған медициналық трактаттар Батыс мемлекеттерінің біріне әкетілген. Қазір еңбектің құны 500 мың еуро. Кезінде жергілікті олигарх оны 3 мыңға сатып алған екен, ал Батыста нақ әл-Фарабидің кітабы екені дәлелденген... Әрірек болжай алатындар қазір 3-4 мың доллар тұратын кітаптың 20 жылдан кейін 50 мың долларға жететінін біледі, сөйтіп ұрпағына кітаптың бар жағынан қазына екенін көрсетіп кетеді. Дегенмен бізде бұл нарық жеткілікті дамымаған. Сирек кітаптар нарқы туралы Олжас Нұржақып әңгімелейді.
Өскемендік Вадим Обуховтың кітап жинаумен айналысқанына біраз жыл. Оның сөресінде қазіргі заман туындыларынан бастап 17-18 ғасырларда шыққан еңбектер сақтаулы. Көнеден жеткен қолжазбалар мен сирек кездесетін раритеттерді де кездестіруге болады. Әрине, Вадим олардың құнды екенін біледі. Бірақ нарыққа шығарып, пайда көру өте қиын дейді. Себебі елімізде оның құндылығын ескеретін тұтынушы жоқ. Екіншіден, шекарадан алып өту мүмкін емес.
Вадим Обухов, Өскемен қаласының тұрғыны:
18-ғасырдан жеткен мендегі кітапты 10 мыңға сата аласың. Мәскеуде бейнелеп айтқанда миллион доллларға бағаланады. Бірақ мен мұны сырт елге шығара алмаймын. Өйткені мемлекеттің антиквариаты. Бір қызығы көшеге шығып жыртып тастасам да маған ешкім ештеңе демейді. Ал шекарадан алып өту мүмкін емес. Парадокс.
Шымкенттік Еленаның да айтары осы. Бабадан қалған кітап қорында раритетке айналған 4 туынды бар. Оның ең құндысы 8 томдық Конан Дойлдың еңбегі дейді. Әрине, келіншек ол кітабын арнайы мамандардың сүзгісіне апармаған. Тек ғаламтор бетінен парақтап көріпті.
Елена Бояршинова, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны:
Менің қорымдағы ең құнды ескі кітаптың бірі Конан Дойлдың туындысы. 8 томдық кітапты ғаламтордан қарап шықтым. Ресейде бағасы 165 мың рубль тұрады екен. Бұл біздің теңгемен қомақты қаражат. Бірақ әлі мамандарға барып есептетіп көрмедім. Өйткені бізде сұраныс та, оқырманда аз. Тіпті жоқ десем де болады. Шетелге шығарудан қорқамын.
Үйіңде жыртсаң да, өртесең де, тіпті сыйға берсең де бәрібір. Ал шекара асыруға болмайды. Өйткені кітап жеке адамның меншігі болғанымен, мемлекеттің мүлкі саналады. Әлемде жақсы дамыған кітап нарығынан сырт қалғанбыз, деп қынжылады мамандар.
Олжас Нұржақып, тілші:
Шындығында, кітаптан миллиондап пайда көруге болады деген мәселе бізде әлі де дұрыс дамымаған. Содан болар, кей шаңырақта сарғайған көне еңбектер сөрелерді ғана әрлеп тұр. Бірақ ғаламтор бетін ақтарсаңыз мүлде басқа. Отандық сайттарда 18-ғасырда жарық көрген «Ұлы Петрдің қолжазбалары жайлы» еңбекті 33 миллионға бағаласа, шағын құранның 8 жарым миллион теңгеге сатылымға қойылғанын көруге болады. Жарнамаланды. Болды. Ал, аукцион арқылы табысқа кенелу ұғымға жат па, естімейсіз.
Мақсат Сералы, сарапшы:
Халықтың басым бөлігі экономикалық сауаттылығы жағынан қатты төменірек. Одан кейін бізде көп жағдайда аукцион емес интернет арқылы сатуды көп ұйғарады. Ол жағынан біз білетін интернет порталдар арқылы. Өздеріндегі затты белгіленген бағаға сату. Ал, аукцион арқылы сату бізде әлі ұғымға енбеген. Орташа қарапайым топ халықтарға. Сондықтан кеңес берер едім аукциондар арқылы сатуға. Өйткені, аукцион арқылы тауарды сіз ойлағаннан да жоғары бағаға сатып жіберуге мүмкіндік бар.
Әрине бұл жерде ең алдымен оның тарихи құндылығы, әрленуі мен сапасы есепке алынады, дейді сарапшы. Ондай ақпаратты тек ғылыми кітаптар архиві мамандарынан, зерттеушілерден білуге болады. Мысалға Алматыдағы 500-ге жуық сирек кітаптар қоры сақталған «Ғылым ордасының» қызметкерлері бұл салада таптырмас маман.
Нұрлан Асылбекұлы, ғылыми қызметкер:
Ортағасырлық мұсылман шығысында жасалған кітаптарда «турундж» дейтін таңбалар болады. Ол жаңағы безендіруге байланысты. Сол «турундждың» ішінде осы кітапты жасап шығарған шебердің есімі беріледі. Мұнан кейін мәтіннің қоршауы, рамка дейміз ғой алтын жалатылған болады. Және де мәтінді жазған кезде міндетті түрде реті сақталады. Соңғы бетінде «калафон» деген нәрсе болады. Калафонда автор жайлы ақпараттар беріледі. Қай жылы, қай жерде еңбегін жазған. Бірақ көп авторлар этикаға сәйкес өздерін көп жарияламауға тырысқан.
Сондай-ақ, еңбектің жазылу тәртібі мен сиясына да көңіл бөлінеді дейді ол. Яғни, спиртпен сүрткенде өшпеуі керек. Және қағазының сапасы, жазылған мәліметтегі ақпараттың маңыздылығы да үлкен рөльге ие.
Өмір Тұяқбаев, ғылыми қызметкер:
Бұларды жазу ерекшеліктеріне, парағына сыртындағы қапталына қарап регионы мен ғасырын анықтаймыз. Бұл үш турунджбен безендірілген. Картон мұқабамен жасалып сырты терімен қапталатын кітаптар Орта Азияға тән.
Раритет кітаптардың жақсы инвестиция екенін еліміздегі антикварлар жақсы біледі. Содан болар тынымсыз іздейді. Орыс авторларының қолжазбалары мен діни туындыларды жиған Алматыдағы орталық осы бағытпен пайда тауып жүр. Оның қорында 10 ғасырға тиесілі туындылар да бар.
Юрий Калаиджиди, антиквар:
Бізге негізінен сыйлық қылып беруге сатып алатындар келеді. Барымызды көрсетеміз. Қажет болса өзіміз де іздестіреміз. Әрине, бізге оның құндылығы және пайда әкелгені тиімді. Көбіне тарихи туындылар, танымал авторлардың еңбектерін сұрайды. Сондықтан да дүкен ретінде жұмыс істейміз. Ол біздің табысымыз. Күнде сатылмаса да, ай салып өткен өніміміз ұзаққа дейін азық.
Ескі кітаптың құны жыл өткен сайын артады. Демек сирек кітаптар аукционы бізде де дамиды деген сөз.
Нұрлан Асылбекұлы, ғылыми қызметкер:
Бұл бизнесте өте мұқият болу керек. Және де кітаптың құнын білгісі келсе мамандарға бару керек, Және сол мамандармен ақылдасқаннан кейін ғана, сол кітаптың шын мәнісі, құндылығы жоғары болса, оның ішіндегі ақпараттар сирек болса жақсы бағалауға лайық.
Мақсат Сералы, сарапшы:
Кітаптың иесі, ұсынушы бағасын белгілейді. Аукцион компаниялар не істейді. Оған бекітілген жарнасын келіседі. Жоғарыдан түскен пайданы аукцион компаниялар өздеріне пайда ретінде маржасын алып отырады. Қазақстанда аукциондардың енді бастапқы дамып келе жатқан кезеңдері басталып жатыр. Аукциондар жабық немесе ашық болып бөлінеді. Бізде Қазақстанда аукционды жиі өткізетін бұл банк секторлары және мемлекеттік емес ұйымдар.
Кәдімгідей қазынаға кенелтетін бірнеше ғасыр бұрынғы ескі кітап болмаса да, 20 -ғасырда шыққан кітаптардың арасында әжептәуір табыс түсіретіндері болады. Мысалы, Абайдың 1948 жылы жарық көрген шығармаларының толық жинағы 25 мың долларға сатылады деген хабарландыруды көзіміз шалды. Ал жалпы, ұрпағыңызға қалдыратын мұраның маңыздысы сол, кітап. Кітапхана.
Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».