Қорғансыздың күні...Біреудің аузына сөз салуымен эфирге шыққан əжесінің өзі қорғансыз ғой. Әрине, сосын шамасы келгеннің бəрі басынады, яғни басыну баспалдағы биіктей бермек... Бұл журналист «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Анар Төлеуханның жазбасынан. Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев былай жазған: «Абай ауылында тұратын балаға байланысты оқиға маған 2006 жылы сол Оңтүстік Қазақстан облысында 100 баланың иммун жетіспеушілігі вирусын жұқтырған трагедиялық оқиғаны есіме түсірді. 12 жылда бірнеше бала көз жұмды. Сол кезде де кінәлілерді «аман алып қалу» әрекеті жасалған. Жергілікті билік қоғамдық резонанстың ықпалымен Астанадан комиссия барғанша қорғанып баққан... Егер Қазақстанды бірнәрсе орға жықса, ол түрлі деңгейдегі шенеуніктер мен олардың азаматтарға түкіріп қарайтыны», деп, «Қалай олар біздің аз екенімізді түсінбейді? 18-ақ миллион. Әлемдегі 7 млрд адамның арасында теңіздің тамшысындай ғана. Яғни Қазақстанның әрбір ересек және кішкентай азаматының өмірі, құқықтары, бостандығы алтынмен пара-пар болуы керек. Адамдарды сыйлап, сақтап, бағалау қажет. Басқаша болса ондай биліктің құны көк тиын», деп қайырған...
Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында 7 жастағы баланы жоғарырақ сыныптың бірнеше оқушысы зорлады дегенге байланысты. Кеше кешкісін белгілі кәсіпкер, «Ана үйі» қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев фэйсбуктегі парақшасында 7 жастағы балақайдың күшейтілген күзет қойылған қауіпсіз жерде екенін жазды. Мынадай жолдар бар: «Міне, бала енді шынымен қауіпсіз жерде. Оны біртүрлі тәтейден зорға алдық...».
Бұл оқиғаның хронологиясын тізбелеудің қажеті жоқ сияқты. Ең маңыздысы, кіп-кішкентай баланы әрлі-берлі «жұлқыламау». Тыныштық беру. Анасы, ал ол кеше Астанаға жеткізілген баласына барған, ұлын Алматыға апарып, тәуелсіз сараптаманы сол жерде өткізетінін айтқаны хабарланды.
Иә, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты З.Балиеваның баланы әжесімен Алматыға кеткелі тұрған жерінен Астанаға алып кеткені – бала зорланды дегенге құзырлы органдардың мән бермей қойғанына, тіпті арызды жасырып қалу ниеті болғанына әбден ашуланып отырған жұртты жұбата қоймады. Керісінше, Алматыда адам құқықтары үшін күресіп жүретін белсенді топ «зорлық көрді» деген баланы қоғамнан оқшаулау жүріп жатыр деп, баспасөз мәслихатын өткізді. Мәлімдеулерінше, сенімді өкілі мен қорғаушылардың сұхбаттасуына мүмкіндік берілмеген. Ал адам құқығын қорғау жөніндегі бюро мамандары іс әділ тергелмесе, ЮНИСЕФ, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың бала құқығын қорғау жөніндегі сарапшыларын шақыруға мәжбүр боламыз,- деді.
Бауыржан Азанов, құқық қорғаушы:
Егер оқиға болған болса, баланың айтуынша, ол бірнеше рет болды деп отыр ғой, ол дәлелденсе, кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылсын. Ондай жоқ болса, тартылмайды. Біреуді ештеңеге қарамастан, жауапқа тартсын деп отырған жоқпыз. Ұсақ-ұсақ емес, облыстық деңгейдегі лауазымды тұлғалар бұған жауап беруі керек.
Аружан Сайын, Қазақстандағы адам құқығын қорғау комиссиясының мүшесі:
Осы баланың құқығының бұзылуына тікелей қатысы бар адамдар, мысалы, оны пойыздан түсіріп алуы, түнгі уақытта ішкі істер органы ғимаратында ұстап отыру, бейімдеу орталығына орналастыру сияқты әрекеттерге бұйрық бергендер жауапқа тартылсын. Басты талап - баланы адвокаттармен жолықтырып, оның құқығының қорғалуына мүмкіндік берілуі тиіс.
Сөйтіп құқық қорғаушылар мен «зорланды» деген баланың сенімді өкілдері тергеудің жариялы түрде жүруін талап етті. Белсенді топтың өкілдері екі мәселені алға тартты. Біріншіден - қылмыстық істі Оңтүстік Қазақстан полициясының тергеуіне жол бермеу. Екіншіден - тәуелсіз сараптаманың ашықтығын қамтамасыз ету үшін процестерге жәбірленушінің қорғаушысы мен сенімді өкілі қатысуы тиіс. Елдегі ең сауатты сот-медицина сарапшылары мен психологтарды араластыру арқылы істің ақ-қарасын анықтауға болады, деді жиналғандар.
Кеше сондай-ақ, осы істі прокурорлар тексеретіні туралы ведомствоның Фейсбуктегі ресми парақшасында жарияланды. Онда істің тергелу барысын Бас прокуратура бақылайтыны жазылған. Мұнан кейін мансабы аудандық деңгейдегі кейбіреулердің қызметтен алынғаны, сөгіс жарияланғаны туралы айтудың қажеті жоқ. Тағы да әріптес Анар апайдың жазбасынан үзінді: Əрбір қоғамның ізгілігі өзін қорғауға қауқарсыз балалар мен қарияларға жасаған қамқорлығынан білінеді. Кешегі күні осы екеуінің қорғансыздығын көрдік.Қоғам ізгілікке қарызданып, қауғаланып қалыпты... Қоғамымыз дімкəс, бойында кесел, дерті бар, ауруымызды өзіміз емдейікші.
Сараптама жүргізілмей, үкім шығару ниеті жоқ. Мәселе «зорлық көрді» дегенге маужырап жауап беруде, алаңдап атып тұрмауда. Ал ең сұмдығы, жасырып қалуға әрекеттену. Коррупция, көпті тобыр көру, адамды адам санамау. «Елім менің!» деп өтірік шырқау, мемлекеттік қызметті қап-қара күйелеш ету. Әкімшілік-әміршілдік жүйе – бюрократия. «Жаралардың» бетіндегі шүберек тағы дал-дұлы шығып жалбырап қалды... Ал мына мәселеде «түлкі бұлаңға салу» болмайды деп үміттенеміз. Бұл жағдай адамбыз ба, адами қоғамбыз ба?- дегенге жауап беретін таразы болып тұр. Балалар жыламасын...