Бүгін Мұратхан Тоқмәди 10 жыл 6 ай жаза арқалады. 78 томнан тұратын атышулы қылмыстық іске осылайша нүкте қойылды. Тоқмәди осыдан 14 жыл бұрын банкир Ержан Тәтішевті "атып өлтірді" деп айыпталған. Оқиға Қордай ауданы Отар станциясы маңында болған еді. Аң аулауға шыққанда мылтықтың оғы тиіп көз жұмған Тәтішев «Тұран Әлем банкінің» басқарма басшысы болатын. Сот залынан аймақтағы әріптесім Данияр Әлімқұл әңгімелейді.
Данияр Әлімқұл, тілші:
16-шы ақпанда басталған сот процессі тура 1 ай қаралды. Бүгінге дейін 12 сот отырыс болып, 127 куәгер тындалды. Ал, тікелей сот залына шақыртылған куәгерлер саны 78 адам. Тоқмәди алматылық болғандықтан куәгерлердің де 80 пайызы Алматы облысының тұрғындары. Бүгін де айыпталушы үкімді салқын қанды тындады.
Азамат ТІлепов, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
Сот Мұратхан Тоқмәдиді Қылмыстық Кодекстің 96 бабы 2 бөлімінің "Ж" және "З" тармақтары бойынша, бірнеше адамның алдын ала ұйымдастыруымен қасақана кісі өлтіргені үшін айыпты деп тауып, мүлкін тәркілеусіз 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырады. Сот жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемелерінде өткізу жөнінде үкім шығарады.
Алғашы отырыс басталған күні-ақ Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті басынан әдейі атқанын мойындаған еді. Мұны қашқын олигарх Мұхтар Әбілязовтың тапсырысымен жасадым деп, сол үшін 4 млн АҚШ долларын алғанын айтқан. Әбілязов «Тұран Әлем Банкінің» құнды қағаздары мен құжаттарына қол жеткізу үшін Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді деген еді. Апта басында болған жарыссөзде прокурорлар Мұратхан Тоқмадиге 12 жыл сұрады. Ол кәмелетке толмаған бес баласы барын айтты. Шыны зауытын ашып, елге сіңірген еңбегімді ескеріңіз деп соттан өтінген. Бүгінгі үкімге тараптар қарсылық білдірген жоқ.
Анжелика Әжіғұлова, М. Тоқмадидің адвокаты:
Соттың шешіміне қарсы емеспін. Біз апелляциялық шағым түсірмейміз.
Евгений Яворский, Тәтішевтер отбасының адвокаты:
Сот шешіміне көңіліміз толады. Қанды оқиғадан бері 14 жыл өтті. Осы жылдар аралығында біз бұл қасақана жасалған қылмыс екенін біліп жүрдік. Тоқмади енді әдейі жасаған әрекеті үшін өз жазасын алады.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Айта
кетейін, Тоқмадиге 2004-ші жылы банкирді «абайсызда өлтірді» деген айып
тағылып, 1 жылға сотталған. Кейін рақымшылықпен босап шыққан еді. Былтыр
қазанда Алматы қалалық соты «бопсалау, заңсыз қару-жарақ алу» деректерімен оны
3 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті. Енді оны өтеп шықпай жатып,
жазасына жаза қосылып отыр.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ