$444.88 €513.26 ₽5.28
×

Ақтөбеде ер адам көлік қаққандай болып, жүргізушілерден 450 мың теңге алған

Ақтөбеде ер адам көлік қаққандай болып, жүргізушілерден 450 мың теңге алған
Фото: polisia.kz

Ақтөбеде ер адам жаяу жүргіншілер өткелінде өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жүргізушілерден ақша алған, деп хабарлайды Astana TV.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға Жиенбаев және Ташкент көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Ер адам көлік қағып кеткендей кейіп танытып, кейін жүргізушілерге жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат алғанын айтқан. Осылайша олардан ақша талап еткен.

Тексеру барысында оның мұндай әрекетті екі рет жасағаны анықталды. Ер адамның сөзіне сенген жүргізушілер мобильді қосымша арқылы оған ақша аударған. Бірі – 250 мың, екіншісі 200 мың теңге берген. Осылайша келтірілген шығынның жалпы көлемі 450 мың теңгені құрады.

Жүргізушілердің бірі кейін болған жағдайға күмән келтіріп, полицияға жүгінген. Тексеру кезінде ақпарат расталып, ер адамның жеке басы анықталды. Ол күдікті ретінде танылды.

Қазір іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция жүргізушілерді сақ болуға шақырады. Егер жол-көлік оқиғасынан кейін жаяу жүргінші жарақат алғанын айтып, ақша талап етсе, мәселені өз бетінше шешпей, полиция шақырып, оқиғаны ресми түрде тіркеу қажет.