Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстан болашақта салық төлеудің сараланған жүйесіне көшуі мүмкін

Қазақстан болашақта салық төлеудің сараланған жүйесіне көшуі мүмкін

Қазақстан болашақта салық төлеудің сараланған жүйесіне көшуі мүмкін. Жалақысы аз адам аз мөлшерде, көп айлық алатындар көп мөлшерде табыс салығын төлеуі ықтимал. Бұл туралы экономикалық зерттеулер институтының өкілдері айтты. Ал жалақысы 60 мыңнан аспайтындардан 1 пайыз табыс салығын ұстау жүйесі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі. Оған дейін сарапшылар салық түсімдерінің құрылымы, жалдамалы жұмысшылардың еңбекақы деңгейі тұрғысында зерттеулер жүргізеді. Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы талқыланған жиында ерекше ұсыныс айтылды. Айлығы көп азаматтарға қомақты салық төлету үшін салық жүйесінің прогрессивті шкаласына өтуіміз керек. Бұл дамыған елдердің тәжірибесінде бар. Экономистердің айтуынша, кей мемлекеттерде салық мөлшерлемесі 40-50 пайызға дейін барады.

Cара Алпысбаева, "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ орталығының директоры:

Көп жалақы алатындар көп салық төлеуі керек. Қазақстанда салық төлеудің "тегіс шкаласы" қолданылады. 50 мың жалақы алатын адам мен 1 млн алатын адам бірдей табыс салығын төлейді. Біздің алдымызда "егер бұл мөлшерлемелерді өзгертсек, қалай болады" деген мәселе тұр. Яғни "прогрессивті шкалаға" өту. Ондай жағдайда жалақысы аз адам аз, ал көп айлық табатындар көп төлейді. Алайда, бұл жылдам шешілетін мәселе емес, ұзақ талқылауды, терең анализ жасауды қажет етеді.