Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қос аяғынан айрылған жанның жан айқайы

AstanaTV
20.03.2018ж. 20:00
3553
Қос аяғынан айрылған жанның жан айқайы

Қос аяғынан айырылған мүгедек жан көмекке зәру. 37 жасар Жанар Жанділдина шетелдік протезді сатып алып, аяққа тұруды армандайды. Бірақ жасанды аяқ қымбат тұрады. Диана Сапарқызы баяндайды.

Жанар Жанділдинаны осыдан 9 жыл бұрын КамАЗ көлігінің мас жүргізушісі басып кеткен. Қос аяғынан айырылған келіншекке 3 баласы мен жолдасы қолқабыс етіп отыр. Алайда, бірінші топтағы мүгедек ана жасанды аяққа тұрғысы келеді.

Жанардың қазіргі киіп отырған протезі Петропавл қаласында жасалған. Бірақ отандық протез аллергия берген. Әрі тегіс қозғалуға епсіз. Жанардың айтуынша, Германияда мидың сигналын қабылдайтын протез бар. Құны 35 млн теңге деп отыр. Оны отбасының қалтасы көтермейді. Сондықтан Жанар жомарт адамдарға үміт артып отыр. 

Жанар Жанділдина, І-ші топтағы мүгедек:

Осы бір менің тоғыз жыл бойғы келе жатқан ішімдегі бір үлкен жаныма батқан қасіретім деп айтсам болады. Соны маған көмектессеңіздер деп сұраймын. Қолұшын беретін Қазақстанда жандар бар екенін білемін. Сол кісілер маған көмектессе деген бір үмітім бар. Бір арманым бар. Сол орындалса екен деп.

Елде  протез Алматы, Семей, Қызылжар қалаларында жасалады. Олардың бағасы 125 мыңнан басталып, 9 миллионға дейін жетеді екен. Елімізде мемлекеттің қолдауымен Жанар сияқты өзге де  1 және 2-ші топтағы мүгедек жандар  жасанды аяққа тегін алатын көрінеді. Былтыр Республикалық протез-ортопедиялық орталықтан 4200 адам жасанды аяққа қол жеткізген.

Протез орталығы басшысының айтуынша, Еуропада жасалатын 100 мың еуроның протезі дәл сол импорттық материалдардан жасалады. Бірақ бағасы одан 3 есе арзан көрінеді. 

Николай Петров, Республикалық протез-ортопедиялық орталығының  президенті:

Бізде протез жасауда мәселе жоқ. Германиядағы әріптестерімізден кем түспейміз. Жасанды аяқ жасауға қажетті материалдарды Германиядан алдыртамыз. Цехтағы мамандарымыз тиісті түрде жинақтайды. Біз тапсырыс берушінің қалаған протездерін жасап бере аламыз. Тапсырыс берген адам бұл орталықта 3 жылда 1 рет протезін ауыстыра алады.

Мамандардың айтуынша, протез науқастың қалауымен емес, дәрігердің тағайындауымен жасалуы тиіс.

Евгения Попкова, протезист:

Біз дәрігер тағайындаған рецептімен жібереміз. Қазір заманауи технологияларды қолданып жасаймыз. Жасанды аяқта көбінесе алюминийді қолданамыз, сосын титанды  болаттарды қолданамыз.

Диана Сапарқызы, тілші:

Бірақ Жанардың қалауы заманауи протезде. Өзін мүгедек екенін сезінгісі келмейді. Жас келіншек басқаларға масыл болмай, өз қамын өзі кедергісіз жасағысы келеді. Кейіпкеріміздің бұл тілегінің орындалуына көмектескісі келетін жанашырлар экранда көрсетілген банк реквизиттеріне ақша аудара алады.

«Халық банк» 5354510075997865 «Qazkom» 4405637514285404 «Kaspi Gold» 5169493182577802 ЖСН 810817451011 +7 (778) 928-30-13