Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қарағандыда мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер бөлуде жемқорлық тәуекелдердің бары анықталды

AstanaTV
26.03.2018ж. 20:00
2726
Қарағандыда мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер бөлуде жемқорлық тәуекелдердің бары анықталды

Қарағандыда мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер бөлуде жемқорлық тәуекелдердің бары анықталды. Тексеру барысында саладағы шенеуніктердің әлі күнге дейін азаматтармен тікелей қағаз арқылы жұмыс істейтіні байқалған. Электронды құжат қабылдаудың болмауы тікелей жемқорлыққа апарады,- дейді мамандар.

Индира Жәмкеева 10 жыл күткен баспанасын жақында ғана алды. Тұрғын үй кезегі баяу жылжитынын білген отбасы әкімдікке кезекке тұрудан бас тартқан. Ақыры банкте 5 жыл қаражат жинап, несие рәсімдеген. 3 балалы ана тезірек баспаналы болудың жолы осы,- дейді.

Индира Жәмкеева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Көптеген таныстарымыз очередь арқылы алып жатыр. Оларда 15- 20 жыл тұрғандар бар. "Жилстройсбербанк" арқылы 5 жыл жинап, осы үйді алып жатырмыз. Очередьте тұрсақ одан да көп тұратын ек.

Үй кезегінің баяу жылжуы саладағы жұмыстардың ашықтығына күмән туғызады. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілдері тексеру өткізген. Оның барысында пәтер бөлуде жемқорлық тәуекелдердің бары анықталды. Құжат қабылдау электронды түрде жүргізілмейді. Яғни мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болғысы келгендер құжатын әкімдікке өзі тапсырады.

Арыслан Мыңышев, Қарағанды облыстық мемлекеттік қызмет істері СЖҚІҚ департаментінің бас маманы:

Тұрғын үй қатынастары саласында қызмет атқаратын адамдарға  қолма - қол береді. Яғни қызмет алушы мен қызмет берушінің арасында тікелей қатынас. Яғни бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне себеп болуы мүмкін.

Жемқорлық тұрғын үй комиссиясында да болуы әбден мүмкін. Мамандар дерегінше, кезекте тұрғандарға пәтердің ауданы мен қабатын белгілеп беретін бұл комиссия құрамында қоғамдық ұйым өкілдері жоқ. Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Абай ауданында ол сұрақтарды әкімдіктегілер өздері шешкен. Мемлекеттік қызмет істері саласының өкілдері бұл тәжірибені жоюды ұсынады.

Сәлжан Балаубаев, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі жетекшісінің орынбасары:

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша құжат тапсыруды автоматтандыру керек.  Қазір тұрғын үй қатынастары жартылай электронды қызметке көшкен. Өтініш электронды түрде, ал құжаттар тікелей қабылданады. Енді жаңа форматқа көшіп жатырмыз. Адамдар электронды өтінішті үйден жібере алады. Бұрынғыдай кезекке тұрудың қажеті жоқ.

Қарағандыда 16 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Олардың алды баспанасын 15 жылдан бері күтіп келеді. Әкімдіктегілер тұрғын үй комисиясы алдымен мүгедектер мен көп балалы отбасыларына басымдық беретінін айтады.

Айжан Қуаш, тілші:

Үміткерлер енді мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер алу үшін сәуір айынан бастап электронды құжат тапсыра алады. Өтінішті үйде жазып, цифрлық қолтаңба қоя алады, - дейді шенеуніктер. Жемқорлыққа қарсы тапсырмалардың орындалуын мамандар бақылайды.

Айжан Қуаш