$441.89 €502.56 ₽5.19
×

Маңғыстауда қаза тапқан 14 сарбаздың отбасына көмек көрсету үшін арнайы есепшот ашылды

Маңғыстауда қаза тапқан 14 сарбаздың отбасына көмек көрсету үшін арнайы есепшот ашылды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің отбасына қаржылай көмек көрсету үшін арнайы есепшот ашылды. Бұл туралы AstanaTV  Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсеткісі келетін азаматтар, бизнес өкілдері мен ұйымдар қаражатты «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің есепшотына аудара алады.

Аталған қоғамдық бірлестік қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жиналған қаржыны бөлудің бірыңғай операторы ретінде белгіленді.

«Маңғыстау облысында әскери міндеттерін орындау кезінде Каспий теңізі акваториясында қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қосымша материалдық көмек көрсету мақсатында бірыңғай оператор ретінде облыс әкімдігі айқындаған ұйым белгіленді», – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік бұл шешімнің азаматтар мен ұйымдар тарапынан түсіп жатқан көптеген өтініштерге байланысты қабылданғанын атап өтті.

«Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсеткісі келетін азаматтардан, бизнес өкілдері мен ұйымдардан көп өтініш түсіп жатыр. Осыған байланысты аталған процесті жүйелеп, көмек көрсетудің бірыңғай ресми тетігін қамтамасыз ету, сондай-ақ алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында осындай шешім қабылданды», – деп хабарлады Маңғыстау облысының әкімдігі.

Осылайша, әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай қолдау білдіргісі келетін азаматтар мен ұйымдар үшін қаражат аударудың бірыңғай ресми тетігі құрылды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету мақсатында 815 миллион теңге аударған болатын.

Бірыңғай оператордың ресми реквизиттері мынадай:

«Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі

БСН: 090140013447

Банк: «Alatau City Bank» АҚ

БСК: TSESKZKA

ЖСК: KZ03998PTB0000488655

Валюта: KZT