Ресейдегі сауда орталығында болған алапат өрттен қаза тапқандардың қатарында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл ақпаратты Қазақстанның Ресейдегі елшілігі өз сайтында жариялады. Олар Кемерово облысы төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сілтеме жасаған. Әлеуметтік желілерде Павлодар қаласының тұрғыны Марина Баранова отбасымен мерт болды деген ақпарат тарады. Бірақ елшілік сайтында оның ұлы Дмитрий Баранов анасының Кемерово қаласында тіркелген және 2016 жылы Ресей азаматтығын алғанын айтты деп жазды. Дегенмен оның Ақмола облысында дүниеге келгені анық.
57 жастағы Марина Баранова қызы Наталья екеуі үш немересімен сауда орталығына демалуға барған. Жантүршігерлік оқиғада бесеуі де опат болды. Марина Баранова Павлодар қаласында тұрған. Жергілікті кәсіпорындардың бірінде жұмыс істепті. Ал қызы Наталья -№16 мектеп-лицейінің түлегі. Ұстаздар қауымы қайғылы хабарды естігенде есеңгіреп қалғандарын айтады.
Татьяна Мигунова, Павлодар қалалық №16 мектеп-лицейінің директоры:
Наталья Баранова 16-шы мектепті 1999 жылы бітірді. Маусымның 21-інде түлектер кеші өтті. Сол жерде оған үздік үлгідегі аттестат табысталды. Ол кілең «беске» оқыды. Өте жақсы оқушы еді. Мұғалімдері анасы екеуін әлі күнге дейін ерекше жылылықпен еске алады. Ұжымда олармен көрші тұрған ұстаз да бар. Шынымен де, өте жақсы, үлгілі отбасы болатын.
Кемероводағы
қайғылы жағдайға бей-жай қарай алмаған қазақстандықтар да Астанадағы Ресей
елшілігіне келіп жатыр. Таңнан бері кісі қарасы толастаған жоқ. Олар елшілік
қоршауына гүл шоқтары мен ойыншықтар қойып, шырақ жақты.