Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Ресей билігі америкалық 60 дипломатты еліне айдамақ

AstanaTV
30.03.2018ж. 20:00
2520
Ресей билігі америкалық 60 дипломатты еліне айдамақ

Шабадан. Әуежай. Вашингтон. Ресей билігі америкалық 60 дипломатты еліне айдамақ. Тіпті Санкт-Петербордағы АҚШ Бас консулдығын жабады. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді. Мәскеу осылайша Америкаға қарымта жауап қайтармақ. Бұған дейін Вашингтон Ресей дипломаттарын еліне қайтарып, Сиэтлдағы Ресей Бас консулдығын жабатынын мәлімдеді. Енді америкалық дипломаттар 5-ші сәуірге дейін Ресейден кетуі тиіс. Олар Мәскеудегі АҚШ елшілігінің 58 дипломаты мен Петербордағы консулдықтың 2 қызметкері. Парламент америкалық шенеуніктерді persona non grata деп тануға қолдау білдірген. Ақ үй Ресей қадамының осындай боларын білгенін мәлімдеді. Бүгінде Ресей елшілігі Нью-Йорк пен Хьюстонда болса, сол сияқты АҚШ дипмиссиясы да Екатеринбург пен Владивостокта қалған. Ресей мұнымен тоқтап қалмақ емес. Дипломатиялық санкция жариялаған Батыстың 26 еліне қарымта жауап қайтармақ.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

Біз келелі әңгімеге қол жеткізу үшін, шындықты ашу үшін сейсенбі күні ресми түрде кезектен тыс Химиялық қарудан қорғау ұйымының атқарушы кеңесінің көшпелі сессиясын шақыруды ұсындық. Біздің батыстағы әріптестеріміз әділ, бетпе-бет әңгімеден қашпайды деп ойлаймыз.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш Ресей мен АҚШ қарым-қатынасы "Салқын соғысты" жақындатқанын мәлімдеп, бұған алаңдаушылық білдірді. Батыс пен Мәскеу арасындағы дипломатиялық дау-дамай наурыздың басында өрбіді. Текетірес 66 жасар Ресей барлау басқармасының бұрынғы тыңшысы Сергей Скрипальдың улануынан кейін басталды. Оқиға Солсбери қаласында болған. Лондон бұған Ресейді айыптаса, қарсы тарап дәлел ұсынуды талап етіп отыр. Ұлыбритания өзі бастаған дипломатиялық санкцияны қолдауды кейбір елдерге, соның ішінде Австрияға мәжбүрлемек болды. Алайда Вена Лондонның ырқына көнбеді.