$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодар өңірінде «Серпін» бағдарламасымен оқыған түлектердің 70 пайызы кері қайтқан

AstanaTV
30.03.2018ж. 20:00
4287
Павлодар өңірінде «Серпін» бағдарламасымен оқыған түлектердің 70 пайызы кері қайтқан

Солтүстік пен шығыстағы маман тапшылығын жоюды көздейтін "Серпін" бағдарламасы Павлодар облысында нәтиже бермей тұр. Түлектер тұрақтамай отыр. Облыстық білім басқармасы өкілдерінің ақпаратынша, тегін оқып, қолына диплом алған алғашқы түлектердің 70 пайызы туған жеріне қайтып оралған. Оған не себеп? Оларды тұрақтандыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы осы сұраққа жауап іздеп көрді.

Былтыр «Серпін» бағдарламасымен білім алған Павлодардағы колледждердің 67 түлегі қолына диплом алды. Алайда олардың 70 пайызы туған жеріне оралуды ұйғарыпты. Оған баспана себеп дейді мамандар.

Айгүл Байжұманова, Павлодар облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Тұрақтамаудың себебі бір - ол баспананың жоқтығы. Мәселен, биыл 174 түлек оқу бітіреді. Бұл былтырғыдан үш есе көп. Сондықтан біз мәселені кешенді шешуді қолға алдық. Қолына диплом алса да, жас мамандар жатақханада бір жылға дейін тегін тұруға мүмкіндік берілмек.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодарда республикалық «Серіп» бағдарламасы бойынша 1500 студент білім алады. Олар еліміздің халық көп шоғырланған оңтүстік және батыс өңірлерінен келгендер. Диплом алғаннан кейін серпіндіктердің басым бөлігі өндірісті өлке Павлодарда қалуды мақсат тұтады.

Қызылорданың тумасы Шора Әнес 2014 жылы «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің төртінші курс студенті. Болашақ математика мұғалімі еңбек жолын Керекуде бастауды жоспарлап отыр. Не магистратураға тапсырады, ол болмаса жұмысқа орналаспақ. Ол өз қатарларының Павлодарда қалмауының себебі әртүрлі болуы мүмкін дейді.

Шора Әнес, «Серпін» бағдарламасының қатысушысы:

Үйіндегі жалғызы болуы мүмкін. Ата-анасының еркесі, тірегі, үйіндегі бары-нәрі сол болуы мүмкін. Сондықтан да ата-аналары шақыртып алулары мүмкін.

Аймақтағы жастарға қызмет көрсету орталығы мамандары мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатқандарын айтты. Жұмыспен қамту ісіне жергілікті кәсіпорындарды тартып, бүгінде бірнеше өндіріс ошағымен келісім жасалғанын жеткізді.

Зарина Орақбаева, Павлодар облыстық жастарға қызмет көрсету орталығының жетекшісі:

Сондай-ақ, ішкі көші-қон бағдарламасын да ұсынып отырмыз. Мәселен, оқу барасында ол бала бұл жаққа үйреніп, сіңіседі. Енді оның отбасын көшіріп әкелу мәселесін қарастыруға болады. Меніңше, бұл екі жаққа да тиімді шешім.

Осыдан төрт жыл бұрын елімізде «Серпін» бағдарламасы жұмыс істей бастады. Бірегей жобаның мақсаты -  халық көп шоғырланған облыс тұрғындарын солтүстік өңірлерге тарту. Биыл аймақ колледждері мен жоғарғы оқу орындарын 309 серпіндік түлек тәмәмдайды. Оның 135-і педагогикалық бағытта болса, 174-і техникалық мамандар.

Әсемгүл Мұхитқызы