Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қорғаныс министрі алдағы уақытта әскери ұшқыштардың жалақысы екі есе көбейетінін айтты

AstanaTV
09.04.2018ж. 20:00
3515
Қорғаныс министрі алдағы уақытта әскери ұшқыштардың жалақысы екі есе көбейетінін айтты

Қазақстан Ливанға 120 бітімгер жіберуді жоспарлап отыр. Олар алдағы күзде аттанады. Қазір тиісті дайындық шаралары жасалып жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады. Мәжілістегі Үкімет сағатында министр Сәкен Жасұзақов алдағы уақытта әскери ұшқыштардың жалақысы екі есе көбейетінін айтты. Оның сөзінше, маман тұрақтамай кеткендіктен, осындай шешім қабылданған. Сондай-ақ жиында әскери училище курсанттарының тамақтану жайы да әңгіме болды. Дәуренбек Бақдәулетұлы толықтырады.

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:

Әскери ұшқыштар жұмыстан жаппай кетіп жатыр,- деді министр. Себебі жалақы өте төмен. 1-ші санаттағы ұшқыштар әскери салада 270 мың теңге алса, әуе компаниялары кемі 1,5 млн теңге еңбекақы төлеуге уәде етіп жұмысқа шақыратын көрінеді. Өткен жылдың өзінде ел қорғаймын деп ант берген 25 әскери ұшқыш Air Astana, SCAT сынды меншікті әуе компанияларына ауысып кеткен.

Сәкен Жасұзақов, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі:

Ресейде дәл сондай ұшқыштар 800 мың рубль алады. Осы мәселе бойынша Президентке хат жаздық. Елбасы бұл бастаманы қолдап, ұшқыштар құрамының жалақысын 2 есе көтеру туралы үкіметке тапсырма берді. Енді олар 450-500 мың теңге алса, жағдай аздап дұрысталар еді деп отырмыз.

Ал депутат  Құдайберген Төлепұлын әскерилердің тамақтану жайы алаңдататын көрінеді. 1 курсанттың бір күндік тамағына үкімет 1200 теңге шамасында қаражат бөледі. Алайда тендер өткеннен кейін бір әскери не бары 700 теңгеге 3 мезгіл тамақ ішуге мәжбүр.

Құдайберген Ержан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Тендерді ұтып алу үшін төменгі баға беретінін білеміз. Сонда бір жолмен 600-700 теңге болып жатыр. Бұл сомаға әскери азаматтарды сапалы тамақтандыру мәселесі адамға күмән тудырады. Осы жөнінде тапсырма бергенде, тамақтың сапасымен энергетикалық құрамын қадағалауға тапсырма беріле ме екен?

Владимир Божко,  ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Белгіленген сомадан екі есе арзан бағаға адам тойып жүруі мүмкін емес. Мен заңға өзгерту енгізу керек деп есептеймін. Бізде мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр, әлі уақыт бар. 1200 теңге белгіленсе, сол қаржы толық жұмсалатындай ету керек.

Қорғаныс министрі Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өз бастығын атып өлтірген орынбасар туралы да айтты. Өзара ерегісіп қалған қос азамат жақын дос болған дейді. Қазір министрлік темір торға жабылған әскери мен қаза болған әскеридің де отбасыларына көмек беруге тырысатынын атап өтті. 

Сәкен Жасұзақов, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі:

Қазір құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп жатыр. Бірақ бізде енді әскери коммисарияттар тоқсан сайын аймақтағы басқаруды тексеріп тұратын болады, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар күн сайын өңірлік қолбасшыға жағдайды хабарлап тұратындай еттік. Жұмыс жүріп жатыр.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Министр Жасұзақов әскер қатарында қызмет ететін әйелдер қатарын арттыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Рота және батальондардың тәрбие ісі бойынша басшысының орынбасарына 7-8 жыл әскер қатарында қызмет еткен әйелдерді тағайындау туралы бұйрық берілген. Себебі жүргізілген тәжірибе әйелдер бар жерде сарбаздың тәртіпті, таза болуға тырысатынын көрсеткен.