Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жас ұрпақ дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада, өркениетті қоғамда өмір сүруі керек.
Қазір Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар, яғни, еліміздің әрбір бесінші азаматы мектепте білім алып жатыр.
– Осы мақсатпен біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстанды құру ісін қолға алдық, ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Халқымыздың темірқазығы, елімізді тарихи өрлеу дәуіріне бастаған негізгі құжат – Конституцияны қабылдадық. Конституцияда тұңғыш рет оқу-ағарту жүйесін дамытуға ықпал ететін нақты нормалар көрініс тапты. Атап айтқанда, адам капиталын, білім-ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің міндеті, стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Түптеп келгенде, бұл – заман талабы. Сонымен қатар біз билік жүйесін түбегейлі жаңғырттық. Елімізде бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтті. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік орган – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Жақында Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады. Осылайша, біз бір ұлт болып еліміздің даму бағдарын айқындаған маңызды әрі іргелі жұмысты табысты атқардық, – деді Мемлекет басшысы.


Президенттің пікірінше, өркениетті әрі озық елдің қуаты оның табиғи байлығымен емес, ең алдымен, адам капиталының сапасымен өлшенеді. Мемлекеттің әлемдегі орны да, экономикалық әлеуеті де қоғамдағы білім мен ғылымның деңгейіне тәуелді.
– Өздеріңіз білесіздер, біз бұл бағытта нақты шаралар қабылдап, белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған оқу ордалары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқушыға арналған осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан. Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: ауыл мектебі де, қала мектебі де балаларға бірдей сапалы білім беретін заманауи оқу мекемесі болуы керек. Қазіргі таңда мемлекет Жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды орта мектептерге жаппай енгізу бағдарламасын іске асыруда. Бұл – өте маңызды жұмыс. Үкімет осы мәселеге баса мән беруге тиіс. Жалпы, аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі болмауы керек. Өйткені тағы да қайталап айтамын, бұл – мемлекеттің болашағына әсер ететін өте маңызды фактор. Үкімет осы мәселені де әрдайым назарда ұстауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.