Бейсенбіде Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Қалада 300 дей адам қауіпсіз жерге көшірілді. 76 үйді су басқан еді. Сонымен бірге Ертістегі мұз жарудан бірнеше көп қабатты үйдің жұздеген пәтерлердің терезелері сынған. Бірнеше адам дәрігерлік көмекке жүгінген. Арнайы комиссия құрылып, келтірілген материалдық шығынды есептеп жатыр. Биліктің хабарлауынша, басқа аймаққа көшірілетін адамдар саны артуы мүмкін. Айлақта алып мұздардың екпінімен кеме, баржа аударылған...
Қала әкімі Ермак Салимовке сілтеме жасаған Тенгриньюс порталының жазуынша, мұзды төмен зарядпен жару тиімді болмаған. Себебі мақсат мұзды жару ғана емес, оны бөлшектеп тастау. Бөлшектелмеген мұзды су көтеретін еді де, олар үйлерді тас-талқан қылатын, деген қала әкімі.
Сондай-ақ, ШҚО Бесқарағай ауданындағы 11 елді-мекенді су басу қаупі төніп тұр. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынына төтенше жағдай қызметі дайын болмай шықты. Неше күннен бері су тасқынымен алысып жатқан өңір басшысы Үкімет отырысында бар проблеманы жайып салды. Қажетті құрал-жабдық жоқтың қасы. "Мысалы, мотопомпа. Жоспар бойынша облыста 249 болуы керек. Өңірде 55-і ғана бар. Қайық 69 болуы қажет болса, бары-14. Жол талғамайтын көлік, салайдағыш 55 болуы тиіс, оның біреуі де жоқ", - деді облыс басшысы.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Жігіттеріміз судың басында жүр ғой. Оларға гидрокомбинезон керек. Жоспар бойынша 1 мың болуы керек. Ал бүкіл облыста 86 ғана. Осы жағдайға жай қарамайық. Биылғы жылдың басында 300 млн теңге бөлдік. Қазір тағы 200 млн бөліп отырмыз. Бірақ осы мәселені бірге шешуге мүмкіншілікті тауып берсеңіз.
Жағдайді естіген Премьер-министр Ішкі істер министрінің орынбасарына шүйлікті. Алайда ол дайындаған баяндамасында бұл сұраққа жауап жоқ екенін айтты.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
Баяндамаға жазып берген жоқ қой. Сонда сіздер қалай басқарасыздар? Баяндамаға жазып берсе, білесіз, жазып бермесе, жағдайды білмейміз. Соңында осындай жағдайға жетеміз. Комбинезон жоқ, мотопомпа жоқ. Қиын болса, көрші облыстардан сұрап аламыз.
Төтенше жағдайлар қызметін толық жарақтауға 30 млрд теңге керек екен. Бүгінде ел бойынша өрт сөндіру қызметі 33 пайызға, жедел құтқару қызметі 65 пайызға, медициналық-апаттық көмек көрсету қызметі 59 пайызға ғана жабдықталған. Міне, бұл цифрлардан «майлы бояумен» салынған «кенеп» тіршілікті көреміз. Дәлірегі - жыртық кенепті...