$453.93 €508.72 ₽5.35

Каспийдің бірегей табиғатын сақтау үшін халықаралық қор құрылады

09.10.2026ж. 18:45
Каспийдің бірегей табиғатын сақтау үшін халықаралық қор құрылады
Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін сақтау үшін браконьерлікпен күресті күшейтіп, сирек кездесетін жануарлардың тіршілік ортасын қорғау қажет екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Каспий итбалықтарын сақтауға және экожүйені қорғауға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды.

Жиында Президент Каспийдегі биоалуантүрлілікті сақтау үшін қосымша шараларды қолға алудың маңызына тоқталды.

Оның пікірінше, теңіздің тартылуы, табиғи өмір сүру ортасының өзгеруі, ластану және антропогендік жүктеменің артуы уылдырық шашатын орындарды қалпына келтіру, сондай-ақ өзен аңғарларындағы экожүйені, флора мен фаунаның ерекше осал түрлерін қорғау жұмыстарын күшейтуді талап етеді.
 

— Солтүстік Арал тәжірибесі инженерлік шаралар мен табиғатқа бағдарланған ғылыми тәсілдерді ұштастыру су шаруашылығына қатысты және экологиялық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Сонымен қатар жағалаудағы аумақтарды сақтап, климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетуге болатынын дәлелдеді. Заңсыз балық аулауға және биологиялық ресурстардың көлеңкелі айналымымен күреске баса мән беру қажет. Бұл мәселені ұжымдық күш-жігер арқылы ғана шешуге болады. Құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары арасында ақпарат алмасуды жандандырып, бірлескен жедел іс-шаралар өткізу қажет. Цифрлық мониторинг құралдарын қолданғанымыз жөн. Қазақстан осы ортақ жұмысқа Каспий итбалығы мен оның тіршілік ету ортасын сақтау мақсатында құрылған мемлекеттік табиғи резерват әлеуетін жұмылдыруға әзір. Итбалықтардың тіршілік циклі үшін өте маңызды аймақтарда антропогендік әсерді барынша азайту мақсатында экологиялық дәліздерді сақтау мәселесіне де баса мән берген жөн. Сайып келгенде, Каспийді итбалықсыз елестету мүмкін емес. Еліміз Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру жұмысын қолға алды. Оның мақсаты — табиғатты қорғау ісінде әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру. Каспий теңізінің бірегей экожүйесі мен сирек кездесетін түрлерді қорғау қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі болады. Қор жұмысына белсенді атсалысып, бірлескен нақты жобаларды іске асыруға шақырамын, — деді Мемлекет басшысы.